Алматы. 15 наурыз. 7kun.kz – «Қазақ география қоғамы» ҚБ қолдауымен Норвегиядан келген саяхатшы әрі зерттеуші Уильям Бихолт бір өзі шаңғымен Балқаш көлін жүріп өтті.
Уильям Бихолт 23 күнге созылған саяхат кезінде 545 шақырымға тарта жол жүрді. Экспедиция 19 ақпанда Лепсі ауылының солтүстігінен 50 шақырым қашықтықтағы жерден басталып, 13 наурыз күні Бөрібайтал ауылында аяқталды.
«Бұл ерекше тамаша, қиындықтарға толы саяхат болды. Мен Қазақстанның сұлу әрі жабайы табиғатын ерекше бағалап отырмын. Қатты шаршауды сезініп тұрғаныма қарамастан, мен Балқаш көліне жасаған таңғажайып саяхатыма ерекше таңданыспен қараймын. Келешекте бұл саяхатым басқа да саяхатшыларға осы табиғат сұлулығын тамашалауға шабыт береді деп үміттенемін», - дейді саяхатшы.
«Қазақ география қоғамы» ҚБ президенті Төлеген Тастанбековтың айтуынша, ұйым Уильямға техникалық, сабағаттық және ақпараттық қолдау көрсеткен.
«Біріншіден, біз оған экспедицияға дайындалу үшін көлдегі ауа-райы және климат жағдайы, флора және фауна жайлы толық нұсқау бердік. Екіншіден, біздің әріптесіміз Балқашты жалғыз жүріп өту міндетін алдына қойған болатын. Жол бойында ол бірде-бір елдімекенге кірмей, азық-түлік және су алған жоқ. Мұндай қатаң жағдайда біз қандай да бір төтенше оқиғалар болмас үшін саяхатшымен үнемі жерсеріктік байланысқа шығып отырдық», - деді Төлеген Тастанбеков.
Қазақ география қоғамының өкілдері «Қазақстан аумағында мұндай экспедициялар мен саяхаттарды өткізу ішкі туризмді дамытуға және еліміздің бүкіл әлемдегі бет-беделін көтеруге жағдай жасайды», - дейді.
«Біздің қоғамның басты миссияларының бірі – салауатты өмір салтын насихаттау, саяхаттарды дамытуға қолғабыс көрсету, сондықтан осы жобаны қолдау - осы міндеттерді жүзеге асыру үшін тамаша мүмкіндік. Биылғы жыл Қазақстанда «Жастар жылы» деп жарияланды. Норвегиядан келген жас саяхатшымыз осындай экспедициялар арқылы қоршаған ортаны танудың тәсілдерін жастарға үлгі етіп көрсетіп отырғандығы да ерекше мәнге ие», - деді Тастанбеков.