Нұр-Сұлтан. 2 қыркүйек. 7kun.kz – Елордалық учаскелік полиция инспекторы 24-қабаттан секірмек болған әйелді құтқарып қалды, деп хабарлайды 7kun.kz.
Полицияға Уәлиханов көшесінің бойында әйел адамның 24-қабаттан секіруге оқталып жатқаны туралы куәгерлер хабарлаған. Оқиға орнына патрульдік көлік жіберілген.
Осы уақытта учаскелік инспектор Қуаныш Мирзаев өзінің әкімшілік учаскесінде болып, оқиға туралы естіген бойда көрсетілген үйге жүгіріп жетіп, әлгі әйел аяғын салбыратып отырғанын және қауіпті қадам жасауына санаулы минут қалғанын көрген. Полицей жоғарғы қабатқа көтеріліп, техникалық қабаттағы кішкене терезе арқылы карнизге қарай өткен.
Ол білдіртпей әйелге жақындап келіп, қолынан мықтап ұстап тұрған. Жас әйел қатты жылап, учаскеліп инспектордан босауға тырысқан. Осы уақытта құтқарушылар келген. Олар бірге қызды терезе арқылы қауіпсіз жерге алып шыққан.
Қазіргі уақытта 27 жастағы қала тұрғынын мұндай әрекетке не итермелегені анықталуда.