Алматы. 17 шілде. 7kun.kz – Қала әкімі Алтай Көлгінов әкімдікте өткен кеңесте қаланың барлық жерлеріне тексеру жүргізіп, бұзушылықтар анықталуына байланысты барлық пайдаланылмайтын жер учаскелері бойынша қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.
«Тағы бір өзекті мәселе – жерді тиімді пайдалану. Жер – өндірістің негізгі тірегі. Өзімнің орынбасарым Асқар Амриновке сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасымен бірлесіп барлық жерге ревизия жасауды тапсырамын. Қазіргі жағдайды нақтылап, нәтижесі бойынша талдау жасау қажет. Қалыптасқан мәселелерді жою туралы ұсыныстар беретін болыңыздар», - деді Көлгінов.
Сонымен қатар, қала басшысы Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасымен бірлесе отырып игерілмей жатқан жерлер бойынша түбегейлі шаралар қолдануды, жер телімдерін заңсыз негізде, өз бетімен иемдену фактілерін, заңсыз салынған нысандар мен жылдар бойы бітпей жатқан құрылыстар бойынша нақты шешімдер қабылдауды тапсырды.