Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Нұрсұлтан Құрман: Интернетте атың шықса болды...

Нұрсұлтан Құрман: Интернетте атың шықса болды...

Мақпал Мейірбекқызы: Нұрсұлтанға Нұр-Сұлтанда тұрған ұнап жатыр ма?

Нұрсұлтан Құрман: Астана кезінде де ұнаған. Көшіп келгеніме алты жыл толды ғой. Үйреніп кеттім. Бұрын Алматының атмосферасын аңсап, демалыс күндері сол жаққа кетіп қалатын едім.

Мақпал Мейірбекқызы : Сіз жауап бергісі келмегенде сұрақты айналып өтетін депутат сияқты сөйлеп тұрсыз. Мен Астанамыздың қазіргі атына қатысты сұрап тұрмын… құлағыңыз қабылдап үлгерді ме? Өзіңізді қалай сезінесіз?

Нұрсұлтан Құрман: Сөздің шыны керек, құлағым тез қабылдады. Бұл өзгерістің болатынын бұрыннан білдік қой. Қанша рет бастамалар көтерілгенін есіңізге түсіріңіз. Психологиялық та, моральдық та тұрғыдан дайын болдым. Бұл өзгеріс менің өміріме қатты әсер етті деп айта алмаймын. Мені бір ғана дүние қынжылтты.

Мақпал Мейірбекқызы : Бөлісіңізші…

Нұрсұлтан Құрман: Осы күнге дейін «Астана» брендін қалыптастыруға, осы атты танытуға қыруар қаражат жұмсалды. Біраз шығын шықты ғой. Халықаралық деңгейде ірі шаралар, спорттық жарыстар өтті. Солардың арқасында әлемге осы атпен әйгілі болып қалып едік. Осы шешімді бәрібір қабылдайтыны бар, ертерек ауыстыра салғанда қалай болатын еді деп те ойланамын. Ал негізі өзімнің де есімім Нұрсұлтан болғандықтан, бұл жаңалықты жақсы қабылдайтыным белгілі ғой (күлді)

Мақпал Мейірбекқызы: Конституция бойынша мемлекеттік маңызды мәселелер не референдум, не Парламент депутаттарының дауысы арқылы шешілетінін білеміз. Бұл жолы екінші нұсқа таңдалып, Парламенттің дауысы арқылы (бірауыздан) шешілді. Таза гипотезалық тұрғыда ойланып көрейікші… Егер бірінші нұсқа таңдалып, осы сұрақ референдумға салынғанда сіз қалай дауыс беретін едіңіз?

Нұрсұлтан Құрман: Қалыс қалуға бола ма?

Мақпал Мейірбекқызы: Қалай? Референдумға қатыспайтын бе едіңіз?

Нұрсұлтан Құрман: Иә, қатыспауым мүмкін еді. Себебі, партиялар бар, студенттер бар, халықтың дауысы бар, басым көпшіліктің дауысымен бәрібір осы шешім шығатын еді.

Мақпал Мейірбекқызы: Демек референдумда да халықтың ойы парламент депутаттарының ойымен бір жерден шығатын еді дейсіз ғой.

Нұрсұлтан Құрман: Солай болатын еді.

Мақпал Мейірбекқызы: Сіз тележүргізушісіз бе, журналистсіз бе?

Нұрсұлтан Құрман: Тележурналистпін. Микрофон ұстап, стэнд-ап жасамағаныма көп болды. Дегенмен әртүрлі салада бағдарламаларды жасаймын. Соңғы жылдары тілшілерге идея айтып, оларға бағыт-бағдар беретін продюсерлік міндетті де атқарып жүрмін.

Мақпал Мейірбекқызы: Популистік сұрақ деп қабылдауыңыз мүмкін. Бірақ сонда да қойғым келеді. Тележурналистің басшысы алдындағы міндетін білеміз. Ал халықтың алдында жауапкершілігі бар ма?

Нұрсұлтан Құрман: Бар. Халыққа барынша жақын болуы керек деп ойлаймын. Халық бізден көп нәрсе сұрайды. Таксиге отырған кезде, қоғамдық жерлерде жүрген кезде көп сұрағына жауап алғысы келеді. Менің ойымды білгісі келеді. Мен олардың оптимизмін оятуға, үміттендіруге, мотивация беруге тырысамын. Көптің жағында екенімді, көптің біреуі екенімді білдіргім келеді.

Мақпал Мейірбекқызы: Әсіресе, таксиде «сендер, журналистер «шындықты» айтпайсыңдар, қорқасыңдар» дейтін өкпе-назды Сіз де еститін шығарсыз?

Нұрсұлтан Құрман: Иә, айтады. Өз басыма келетін болсам, мен «Хабар» агенттігінде жұмыс істеймін. Біздің арнаның бәріне белгілі бағыт-бағдары бар. Оны өзіңіз де жақсы түсінесіз ғой. Мен соңғы төрт жылымда мәдени-танымдық, ойын-сауықтық бағдарламаларда, «Жұлдызды жекпе–жек» сияқты жобаларда жұмыс істедім.

Мақпал Мейірбекқызы: Сіз саясаттану мамандығын бітіргенсіз. Мұндай жобаларды өз қалауыңызбен жүргіздіңіз бе?

Нұрсұлтан Құрман: Отызға дейін сондай дүниелерді жасағым келді. Бір жағынан маған шоу-бизнес әлемі жақын. Бірақ бұл сіз ойлағандай оңай жұмыс емес. Мұндай бағдарламаларды көбінше сценарийсіз жүргіземін. Тек импровизация. 25 жасымда жаңалықтарды да жүргіздім ғой.

Мақпал Мейірбекқызы: Ішкі, сыртқы саясатта апта сайын, кейде күн сайын, кейде сағат сайын әртүрлі шым-шытырыққа, қауіп-қатерге толы күтпеген оқиғалар болады. Бізбен жасты, кейде бізден де жас әріптестер от пен судың ортасында репортаж жасап, немесе сол мәселені студияда көтеріп жатқанда саясаттану мамандығын бітірген Нұрсұлтан мына жақта ойын-сауықтық жобаларда жүргені қаншалықты дұрыс? Сіздің не саяси жоба жүргізуге, не Айдос Сарымдар сияқты саясаттанушы болатын уақытыңыз келді ғой?

Нұрсұлтан Құрман: Өте орынды сұрақ. Мен жаңалықтардан кеткеннен кейін саяси жоба ұсына ма деп күттім. Бірақ ұсыныстың көбі шоу-бизнеспен байланысты болды.

Мақпал Мейірбекқызы: Демек, өз қалауыңызбен емес, тіршілік үшін жоғарыдағы жобаларда жүрдіңіз…

Нұрсұлтан Құрман: Мақпал, мен сізге мақтанғаным емес, түсінуіңіз үшін айтайын. Маған жаңа маусым басталғанда жеті-сегіз аутсорсингтен жүргізуші болуға ұсыныс келеді. Барлығы шоу- бизнестің төңірегінде. Иә, сұраныстың барлығы жаңағы бағытта болғандықтан, гонорары жоғары болғандықтан ойын-сауықтық, мәдени бағдарламаларды жүргіздім. Қазір әлеуметтік жобаны қолға алдым. Бірақ бұған дейін де әлеуметтік мәселе туралы инстаграмм, фейсбукте пікірімді жазып жүрмін ғой.

Мақпал Мейірбекқызы: Мен екі парақшаңызды қарап шықтым. Әлеуметтік, саяси мәселеде жиі пост жазасыз деп айта алмаймын. Астананың аты өзгергенде, Президент ауысқанда үндемедіңіз.

Нұрсұлтан Құрман: Екі мәселе де мені таң қалдырған жоқ. Өз сценариімен өрбитін дүние болғандықтан сөзімді босқа шығындағым келген жоқ.

Мақпал Мейірбекқызы: Саясаттанушы болғыңыз келе ме?

Нұрсұлтан Құрман: Жоқ, болғым келмейді. Тағы да бес жыл телеарнада жүре тұрамын. Отыз бес жаста басқа салаға ауысуым да мүмкін шығар.

Мақпал Мейірбекқызы: Әкеңіз мемлекеттік қызметке барғаныңызды қалапты. Сізге ол жақтың несі ұнамайды?

Нұрсұлтан Құрман: Біріншіден айлығы ұнамайды. Мен елу-алпыс мың теңге жалақы алып, қалғанын әке-шешесінен сұрайтын адам емеспін. Телеарнадағы айлығым өзімнің жүріп-тұруыма жеткілікті.

Мақпал Мейірбекқызы: Дудь осы сұрақты сізге қойсын деп еді. Айына қанша табасыз?

Нұрсұлтан Құрман: Әр кезде әр-қалай ғой. Концерттерді қосқанда наурыз айында 2,5 миллион теңге табамын. Жаңа жылда, жазда да осындай сомма шығатын шығар. Ал қаңтар, ақпан айында тек «Хабардың» жалақасын аламын.

Мақпал Мейірбекқызы: Ол қанша?

Нұрсұлтан Құрман: Оны енді айтпай -ақ қояйын.

Мақпал Мейірбекқызы: Бәрібір декларация тапсырасыз ғой.

Нұрсұлтан Құрман: Мың доллардың ар жақ, бер жағы ғой.

Мақпал Мейірбекқызы: Тұңғыш Президенттен студент кезіңізде бір рет, беріректе екінші рет сұқбат алдыңыз. Қандай сұрақ қойдыңыз?

Нұрсұлтан Құрман: «Нұрлы жол» бағдарламасы туралы қойған сияқтымын.

Мақпал Мейірбекқызы: Ұмытып тұрғаныңызға қарағанда өзіңіз дайындамағансыз ғой?

Нұрсұлтан Құрман: Жоқ, мен он сұрақ дайындап жібердім. Уақыт шектеулі болғандықтан, екеуін-ақ қойып үлгердім. Қалған сұрақтарымды өзге БАҚ-тағы әріптестеріме бөліп беріпті. Олардың сұрақтары дұрыс құрылмаған екен. Мен ол кезде Ресей мен Украина арасындағы қарым-қатынасқа байланысты, «Азиадаға» кеткен шығындар жайында сұрақтар дайындағанмын. Ол кезде небәрі жиырма бестемін ғой. Маған ол кезде Ақордаға кіріп, Елбасымен сұхбаттасудың өзі үлкен мәртебе болды. Нұрсұлтан Әбішұлының мысы бар екенін білесіз ғой. Шынымды айтайыншы, ол кезде мен сұрағымды қателеспей, дұрыс қойсам екен деген оймен жүрдім. Одан кейін қанша адамнан сұқбат алдым. Бірақ дәл сол кездегідей, адреналинді сезіне алмаппын.

Мақпал Мейірбекқызы: «Сол кезде дұрыс сұрақ қоймадың»- деп сынаған әріптестеріңізге сіз: «сұқбаттың қай жерде өткенін, қандай жағдайда өткенін, сұқбаттың не үшін жасалғанынының астарын түсінбеген адам осылай сынайды», дедіңіз. Бұл жауабыңызбен не айтқыңыз келді?

Нұрсұлтан Құрман: Президент біз қоятын сұрақтарға дайындалып келді. Халық сол сұрақтардың жауабын күтті.

Мақпал Мейірбекқызы: Импровизациямен сұрақ қоя алмайсың дейсіз ғой?

Нұрсұлтан Құрман: Қоя алмайсыз. Ойлаңызшы, түсірілім Ақордада өтті. Тікелей эфир емес. Баспасөз хатшысы Дәурен Әскербекұлы. Мен «Хабарда» жұмыс істеймін. Мемлекеттік бағдарламаларды насихаттап жүргендіктен менің сұрағым да сол бағытты қамтуы керек. Оған қоса, ол кісінің мысы басады деп бағана да айттым ғой. Жиырма бес жастағы Нұрсұлтанға соның өзі жеткілікті еді.

Мақпал Мейірбекқызы: Сізді ерте жіберіп қойған болып тұр ғой?

Нұрсұлтан Құрман: Иә, ол кезде моральдық-психологиялық тұрғыда дайын емес едім. Бірақ мен сол сұхбаттан кейін кәсіби тұрғыда өстім. Тағы да кездесіп, сұхбаттасқым келеді. Бірақ бізге дәл сол кездегідей талап қойылса, мен сұхбат алуға келіспейтін едім. «Мен өзімнің командаммен ойласа отырып, сұрақ дайындаймын, бірақ сіздер, Президенттің көмекшілері, сол жақтағы жауапты адамдар, менің сұрақтарымды тексермесеңіздер», - деп өз өтінішімді айтатын едім. Емін-еркін тікелей эфирде әңгіме айтылғанын қалайтын едім.

Мақпал Мейірбекқызы: Журналистика факультетінің түлектерімен жиі кездесесіз. Сіз сияқты танымал журналист Познер мен Дудь де студенттермен кездескенде «мүмкін болса, кері қайтыңдар, дәл қазір Ресейде журналистика жоқ» деп айтып жүр. Сіз қандай кеңес беріп жүрсіз?

Нұрсұлтан Құрман: «Журналистикаға түскен екенсіңдер, өздеріңді дамытыңдар, өздеріңмен жұмыс істеңдер. Телеарнада қызмет еткілерің келсе, камера сатып алып, ютубтан канал ашыңдар. Газетте жұмыс істегілерің келсе, фейсбукта көлемді пост жазыңдар. Оқырмандарыңның пікірлеріне, сынына құлақ асып, шыңдалыңдар. Интернетте атың шықса, телеарнаң да, газетің де өзі шақырады»,- деймін.

Мақпал Мейірбекқызы: Познер мен Дудьтің «журналистикаға келудің қажеті жоқ. Себебі сөз бостандығына өте шектеулі» деген пікірі туралы не ойлайсыз? Тәуелсіз журналистер сіз сияқты жалақысы жоғары жұмыс таба ала ма?

Нұрсұлтан Құрман: Қазақстанда кімге болса да жұмыс табу қиын емес деп ойлаймын. Өзін бизнес жоба ретінде жақсылап мойындатуы керек. Тәуелсіз журналистер сайт ашуына болады. Кез-келген ақпаратты әдемі жеткізе алса, мемлекеттік БАҚ-та да жұмыс істеуіне болатын сияқты. Ең бастысы әдемі жеткізу ғой… Кәмпит жасай білуі керек. Бірақ біздің елде тәуелсіз деп отырған журналистердің кейбіреуінен агрессия, пессимизм байқалатын сияқты.

Мақпал Мейірбекқызы: Мысалы кімдер?

Нұрсұлтан Құрман: Енді мен бұл жерде жалпы айтып отырмын. Жеке танымағандықтан аттары да қазір есіме түспей тұр.

Мақпал Мейірбекқызы: Қасым Аманжолдың жұмысында ондай кемшіліктерді байқайсыз ба?

Нұрсұлтан Құрман: Қасым ағаны қатты құрметтеймін. «31» арнада бірге жұмыс істегенде ол кісіден көп нәрсе үйрендім.

Мақпал Мейірбекқызы: Демек ол кісі ақпаратты дұрыс жеткізіп жатыр…

Нұрсұлтан Құрман: «Шынның жүзінде» деген бағдарламасы ұнайтын. Ол кісімен жүздеспегелі үш жылдай болды. Қазір не ойлап жүргенін, жұмысының қандай екенін білмеймін. Бірақ сөйлессем, өзіме пайдалы көп дүние алатын сияқтымын.

Мақпал Мейірбекқызы: Ютубтағы жаңа бағдарламаңызға шақырасыз ба?

Нұрсұлтан Құрман: Шақырғым келеді. Жақын арада сұхбат алатын шығармын. Жаңа айтқанымдай Қасым ағамен жұмыстан кейін қалып, түнге дейін әртүрлі тақырыптарды талқылайтын едік. Ол кісі бір дүниені қатты уайымдаса ауруханадан бірақ шығатын адам ғой.

Мақпал Мейірбекқызы: Сіз ше? Елге қатысты мәселені жүрегіңізбен қабылдап, ұйықтай алмаған кезіңіз болды ма?

Нұрсұлтан Құрман: Әрине, болады. Кез-келген елін сүйетін азамат та ондай сәттердің болуы керек деп ойлаймын.

Мақпал Мейірбекқызы: Қандай мәселеге қатты алаңдадыңыз?

Нұрсұлтан Құрман: Астанадағы бес баланың өлімі маған қатты әсер етті.

Мақпал Мейірбекқызы: Бірақ, әлеуметтік желіге ешнәрсе жазбадыңыз.

Нұрсұлтан Құрман: Өзгелердің посттарының астына пікірімді ғана қалдырдым. «Айтатын сөзім жоқ» - дейді ғой, қазақ. Менде сондай көңіл-күй болды. Біздің елде біреу өлмей, ешкім қимылдамайды ма, деп қынжылдым. Денис Теннің де қазасы жүрегіме қатты батты. Ешкіммен сөйлескім келген жоқ. Сол тұста жұмысқа құлшыныс жоғалды.

Мақпал Мейірбекқызы: Бірақ журналист ретінде де, азамат ретінде үндемеуді дұрыс деп ойладыңыз…

Нұрсұлтан Құрман: Мен отызға дейін үндемеуім керек деген позициядамын. Бұл өтпелі кезең. Бізден де біреу сұрайтын, біздің де іске кірісетін кез келеді деп ойлаймын.

Мақпал Мейірбекқызы: Журналистика факультетінің бірінші курс студенті «журналист пен «пропагандисттің» айырмашылығы қандай?», деп сұраса қалай жауап бересіз?

Нұрсұлтан Құрман: Журналист өзінің қалаған жұмысын істейді. Білімімен қоса, мінезі болады. Ал «пропагандист» жоғарыдан келген тапсырманы ғана орындайды. Сіз енді менен «сен «Хабарда» жұмыс істеп жатсың ғой»- деп сұрағыңыз келіп тұр ғой.

Мақпал Мейірбекқызы: Жоқ, сұрағым басқа. Біздің елде қайсысы көп?

Нұрсұлтан Құрман: Мен әріптестеріме «пропагандист» деп ауыр айып таққым келмейді. Дегенмен, «болашақта басқа жұмысқа ауысамын, ал қазір жағдайымды түзеп алайын»,- деп жалақы үшін тапсырмамен жұмыс істеп жүрген әріптестерім бар.

Мақпал Мейірбекқызы: Сіз ол этаптан өтіп кеттіңіз бе? Жүректің қалауымен жұмыс істеп жүрсіз бе?

Нұрсұлтан Құрман: Иә. Маған мынаны үгітте деп тапсырма берсе, істемеймін. Біріншіден, мен партияның мүшесі емеспін.

Мақпал Мейірбекқызы: Неге?

Нұрсұлтан Құрман: Менің өзімнің принципім бар. Журналист, саясаттанушы ешқандай партияның мүшесі болмауы керек. Концерт жүргізген кезде де егер сценарийде маған ұнамайтын сөздер болса, оны айтпайтынымды ескертемін. Бірнеше жыл бұрын үлкен жиын болды. Маған "әншілермен қосылып ән орындайсың", деді. Жағымпаз ақынның жазған пропагандалық әні. Мен Елбасыны қатты құрметтеймін, сыйлаймын. Бірақ тым асыра мақтап, жағымпазданып жазылған әнді мен айта алмаймын, дедім. Ол кісіні күнге, шуаққа теңепті. Одан кейін ол ән айтылмады.

Мақпал Мейірбекқызы: Сахнада айтылмады ма?

Нұрсұлтан Құрман: Сол күні айтылды. Бірақ одан кейін еш жерде айтылған жоқ. Одан кейін мені де ондай концерттерге шақырмайтын болды. Мен еліміздің дамуын, гүлденуін және шетелге күлкі болмауын қалаймын.

Мақпал Мейірбекқызы: Тұңғыш Президентті құрметтейтін, оппозицияға барғысы келмейтін, өкіметке жағымпазданбай, шынайы ақпаратты жеткізіп, көмектескісі келетін, медаль, марапат алмай-ақ, мемлекет жағында болғысы келетін, шетелге кеткісі келмейтін, бірақ осы елде еркін өмір сүргісі келетін, өз жұмысын адал атқарғысы келетін журналистер не істеуі керек? Сізде жауап бар ма?

Нұрсұлтан Құрман: Біздің ортамызда сауатты жазатын, дұрыс ойлайтын азаматтар көп. Оларға уақыт керек. Көпшілігінің әлі әлеуметтік деңгейі шешілмеген ғой. Үй мәселесін шешпей, олар принцип мәселесін ойлай алмайды. Біраз уақыт беру керек.

Мақпал Мейірбекқызы: Сөз бостандығына он баллмен өлшегенде қанша балл беретін едіңіз?

Нұрсұлтан Құрман: Өзімнің субъективті бағамды беретін болсам, алты балл. Әлі де бізге еркіндік беру керек сияқты.

Мақпал Мейірбекқызы: Дәурен Әскербекұлы қанша балл бергенін білесіз бе?

Нұрсұлтан Құрман: Жоқ.

Мақпал Мейірбекқызы: Сіздікінен сәл жоғары. Жеті-сегіз балл. Шыныңызды айтыңызшы, шетелге кетемін деген ой туды ма?

Нұрсұлтан Құрман: Америкада не оқып, не телеарналарынан тәжірибеден өтіп келгім келеді. Бірақ міндетті түрде қайтып келетін едім.

Мақпал Мейірбекқызы: Ал сол жаққа түбегейлі көшіп жатқан азаматтарға көзқарасыңыз қандай? Жандарбек Бұлғақов оларға сатқын ретінде қарайтынын айтты. Оның бұлай ойлауына өзінің себебі бар. Сіз үшін эмигранттар - кімдер?

Нұрсұлтан Құрман: Жоқ, олар сатқын емес. Олар Қазақстанда өзін қалыптастыра алмай, сол жаққа кетіп жатыр. Мүмкін оның ортасы сол жақта шығар. Айсұлтан Сейітов Қазақстанда тұрғанда не істей алатын еді? Үш–төрт-ақ әншіге клип түсіретін еді. Қалғандары оны қанағаттандырмайды. Скриптонитке де біздің нарық тар болды. Қазақстанда өзін дамыта алмаса, енді не істеуі керек? Деградацияға ұшырағаны дұрыс па? Бастысы, елін ұмытпаса, білгенімен біздің жастармен бөліссе, соның өзі үлкен олжа емес пе?


Мақпал Мейірбекқызы: Сізді тағы не алаңдатып жүр?

Нұрсұлтан Құрман: Ауылға барғанда жұмыссыз жүрген жастарды көріп, күрсініп қайтамын. Олар қырық мың теңгеге жұмыс істейді. Ертеңгі күндеріне сенімсіз. Кешке жиналып, арақ ішеді. Арты төбелеске айналады. Ал қалада маска киіп жүрген замандастарымды көремін. Біреу жағымпаздықпен атын шығарып жатса, біреу шешініп танылып жатыр. Кейде мен халықтың өзін түсінбеймін. Мысалы, бір әншіні жерден алып, жерге салады. Ертесіне сол әншімен тойда сэлфи жасайды. Халықтың психологиясы сондай болды. Үйде жамандап алады да, бетпе-бет келгенде суретке түседі.

Мақпал Мейірбекқызы: Бұған кім кінәлі? Идеологияны тарату, олардың санасын өзгерту біздің міндет емес пе?

Нұрсұлтан Құрман: Иә. Бұрын әншілер журналистерге мұқтаж болса, қазір жағдай басқа. Журналистер әншілердің артынан жүгіреді. Мен «Жұлдызды жекпе-жекті» түсірген кезде алматылық әріптестеріме қатты ренжідім. Өздерін төмен түсіріп тастапты. Мысал келтірейін. Төрағали бес күн бойы концерт берді. Біздің журналистер одан сұхбат алу үшін бес күн бойы күніге келіп, сахнаның сыртында күтіп жүрді. Менің жыным ұстап кетті. «Неменеге оны күтіп жүрсіңдер? Пошлите его на… офигел что ли он? Қара тізімге кіргізіп, бұдан былай сұхбат алмай қойындар. Журналистер биік болсаңдаршы. Керісінше әншілер өздері сұхбат берейін деп келсін»,- дедім.

Мақпал Мейірбекқызы: Айтуға оңай. Төрағалиға қатысты сіздердің «Жұлдызды жекпе-жектеріңізде» де казус болды ғой . Сіздер де көз жұмып, эфирге шығардыңыздар ғой.

Нұрсұлтан Құрман: Сол жобада мен Мейрамбек Беспаев мырзамен де сөзге келіп қалдым. Қазір «Жұлдызды жекпе-жекті» жүргізбеуімнің себебі сол шығар. Олар былай сөйлейді. «Журналистер, бізді насихаттау керексіңдер. Бізді тек жақсы жағымыздан әдемі қылып көрсету керексіңдер»,- дейді. Мен шоу жасап, екі әншінің арасында дау туғызғым келсе, бәсекеге түсіргім келсе, оларды ұрыстырма деп өзіме ұрысады. Төреғали әнін айту үшін бес дубль жасады. Мейрамбек Беспаев «Қанша дубль жасаса да, жасасын»,-деді.


Мақпал Мейірбекқызы: Сонда олар бір–бірімен жекпе-жекке бес дубль жасап шығып жүрді ме?

Нұрсұлтан Құрман: Мейрамбек мырзаға бірдеңе айтсаң жақтырмай қалады. Мен сол бағдарламада әбден шайқастым. Ерегестім. Біразымен амандасудан қалдық. Алматыдағы журналистер әншілерді еркелетіп жіберіпті. Астанада жағдай басқа.

Мақпал Мейірбекқызы: Еркелетіп дегеніңіз қалай сонда?

Нұрсұлтан Құрман: Түсірілімге екі-үш сағатқа кешігіп келеді. Ыңғайсыз сұрақ қойсаң, бізге төбеден қарап, жауап бергісі келмейді. Бұл біздің кейбір әріптестеріміздің жіберіп алған қателігі. Астанада Құдайға шүкір әншілер журналистерден бір саты төмен жүреді. Керісінше журналист әншінің аузына сөз салып береді.

Мақпал Мейірбекқызы: Бұдан былай енді шоу бизнеске қатысты бағдарламаны жүргізбейсіз бе? Болды ма, ол этаптан өттіңіз бе? Енді сізді әлеуметтік саяси жобалардан көретін боламыз ба?

Нұрсұлтан Құрман: Иә, «Жұлдызды жекпе–жектің» соңғы маусымын жүргізгенде бұл саланың мені енді қызықтырмайтынын түсіндім. Ол деңгейден өстім деп ойлаймын. «Қазақ аруын» жүргізгенде де ләззат ала алмадым.

Мақпал Мейірбекқызы: Қалай ойлайсыз, шоу-бизнес лас па, саясат па?

Нұрсұлтан Құрман: Екеуі де лас деп ойлаймын. Ең бастысы адам өзі ластанып кетпесе болды.

Мақпал Мейірбекқызы: «Қазақ аруын» жүргіздім деп айтып қалдыңыз. Соған ұқсас «Қазақстан аруы» байқауының іріктеу кезеңіне блоггерлердің ақпараты бойынша жетпіс бес миллион теңге кетіпті. Әлеуметтік мәселесі әлі шешілмеген елде осындай біркүндік шаралардың өткені дұрыс деп ойлайсыз ба?

Нұрсұлтан Құрман: Мақпал, біздің елде бұдан да шығыны көп концерттер болып жатыр ғой.

Мақпал Мейірбекқызы: Демек дұрыс деп ойлайсыз?

Нұрсұлтан Құрман: Көпшілігі рәсуа деп ойлаймын. Бірақ «Қазақ аруы» керек.

Мақпал Мейірбекқызы: Не үшін керек?

Нұрсұлтан Құрман: Сол жобада жеңген арулар өсіп келе жатқан қыздарға идеал болады.

Мақпал Мейірбекқызы: Байқаудың өтіп жатқанына қанша жыл болды. Осы жобаның қай жеңімпазы жас қыздарға үлгі болды?

Нұрсұлтан Құрман: Әзірге Гүлнәз Жоланова-ақ шығар. Бірақ мұндай байқау болмаса, ертең бикинимен қатысатын жобалар, Шырындар шығады. Бұл байқауды танымал жасау керек, деп ойлаймын. Көп қыздар өздерінің потенциалын көрсете алмай кетті.

Мақпал Мейірбекқызы: Мүмкін іріктеу кезеңі дұрыс өтпейтін шығар?

Нұрсұлтан Құрман: Шынымды айтсам, кейде Баянның «сен толықсың»,- деп небір талантты қыздарды қуып жіберетіні ұнамайды. Олардың орнына харизмасы жоқ, өнері де көңіл көншітпейтін арық қыздарды өткізеді. Менің ойымша, байқауға дене бітімі де, өнері де, мінезі де әртүрлі қыздарды қатыстырса қызығырақ болатын еді.

Мақпал Мейірбекқызы: Іріктеуде қоңырау, тамыр-танысқа жол берілмей ме?

Нұрсұлтан Құрман: Мен іріктеуге бір-ақ рет қатыстым. Сол кезде менің көңілімнен шыққан қыздардың барлығы өтті. Ал жалпы құрамға жауап бере алмаймын. Кейде «мына қыздар қалай өтіп кеткен?»- деген сұрақ менде де туады.

Мақпал Мейірбекқызы: Рахмет.

Похожие материалы