Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

ОҚО-да екі оңалту орталығы ашылды

ОҚО-да екі оңалту орталығы ашылды

Алматы. 11 қаңтар. 7kun.kz – Оңтүстік Қазақстан облысында балаларға арналған екі бірдей неврологиялық оңалту орталығы ашылды. Мұндай мекеме бүгінге дейін еліміз бойынша тек Астана қаласында ғана болып келсе, енді Шымкентте де жұмысын бастады. Бұған әсіресе кезекте тұрып, елордаға сабылып шаршайтын ата-аналар айрықша қуанды. Қос орталықтың жұмысымен танысқан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мұндай мекемелер балалар арасындағы мүгедектікті төмендететініне сенім білдірді.

«Облысымызда бүгінге дейін церебральді параличі диагнозы бар балаларды емдейтін арнайы мекеме болмаған. Жалпы өңірімізде неврологиялық аурулармен 3 жасқа дейінгі 2 мыңға жуық бала есепте тұрады. Олар бұған дейін реабилитациялық ем алу үшін Астана қаласындағы оңалту орталығына баруға мәжбүр еді. Бұл науқас балалардың ата-аналарына айтарлықтай қиындық тудырып келді. Осы мәселелерді талдай келе, ауру балаларды уақытылы, кешенді, жүйелі реабилитациямен толық қамтуға бағытталған орталықтар ашу қажеттілігі туындады. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде бүгін міне, екі бірдей мекеме пайдалануға беріліп отыр», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Орталықтың бірі 3 жасқа дейінгі бүлдіршіндерге, ал екіншісі 15 жасқа дейінгі неврологиялык аурулармен ауыратын жеткіншектерді емдейді. 100 орындық қос орталық та реабилитациялық ем алуға қажетті роботтандырылған «LOKOSTATION» құрылғысымен жабдықталған. Бұл аппарат 4 жасар церебралды параличімен ауыратын балаларға қолданылады. Қондырғыда жасалған жаттығулар жүруге қажетті барлық бұлшық еттер мен ми қыртысының дұрыс қалыптасуына көмектесіп, науқастың тез оңалуына ықпал жасайды. Әрбір орталықта жылына 3200 баланы жоспарлы түрде оңалтудан өткізуге мүмкіндік қарастырылған.

Қос орталықтың мүмкіндіктерімен танысқан өңір басшысы алдағы уақытта мекеменің мамандарын алыс-жақын шет елдерге жіберіп, кәсіби біліктілігін арттыру жоспарланып отырғанын жеткізді. Осы бастаманың негізінде жақын күндері Германиядан халықаралық жаттықтырушылар келіп, қос орталықтың мамандарына науқастың тірек-қимыл қозғалысын қалпына келтіру бойынша семинар тренингтер өткізеді.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Похожие материалы