Алматы. 28 желтоқсан. 7kun.kz – Оңтүстік Қазақстан облысында 2017 жылы тұрғын үй құрылысының өсу қарқыны байқалады. Жыл басынан бері 6553 пәтер ел игілігіне берілді.
2016 жылы көпқабатты 44 үй, яғни, 214,6 мың шаршы метр болатын 2564 пәтер тапсырылды. Ал, 2017 жылы облыста барлығы 976,9 мың шаршы метр болатын 245 көпқабатты үйдiң құрылысы жүргiзiліп келеді.. Оның бүгінде 347,2 мың шаршы метрі, яғни, 91 үй пайдалануға беріліп, 4733 баспана ел игілігіне үлестірілді. Өткен жылғымен салыстырғанда өсім 61,8 пайызға артқан. Бұл жұмыстар облыс әкімі Ж.Түймебаевтың қалада көпқабатты тұрғын үй санын көбейту бойынша берілген тапсырмасының негізінде жүзеге асып отыр.
Жыл басында аймақ басшысы облыс орталығындағы негізгі мәселелердің бірі – баспана екенін айтып, қала орталығында көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысына басымдық беріп, үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту жайын қарастыруды тапсырған болатын. Сондай-ақ, қаланы дамытудағы кезекті бір жиынында қаладағы үйлердің 70 пайызын жер үйлер құрағандықтан олардың инфрақұрылымдық қажеттіліктермен қамтамасыз ету аса көп шығынды талап етіп отырғанын және жеке тұрғын үй құрылысы көптеп салынуынан орталықтың сәулеттік келбетіне де айтарлықтай кері әсерін тигізгенін ескерткен. Осы ретте, облыста алдағы уақытта көпқабатты тұрғын үй салу қарқыны еселене түседі. Яғни, 2018 жылы өңірде осы жылдан өтпелі көпқабатты 154 тұрғын үйдің құрылысы мен қосымша жаңадан көпқабатты 100 тұрғын үйдің құрылысы басталады.
Жалпы өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасының барлық бағыты бойынша 620 мың шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға беріліп, осының нәтижесінде оңтүстікқазақстандық 6553 отбасы баспаналы болды. Құрылысы біткен үйлердің ішінде 347,2 мың шаршы метрі көпқабатты болса, 272,3 мың шаршы метрі жеке тұрғын үй.
Аталған тұрғын үй құрылысына 36,9 млрд теңге көлемінде инвестиция салынды. Бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда 8,9 пайызға артық. Оның ішінде 18,8 млрд теңге мемлекеттік инвестицияларды құрайды.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі