Алматы. 14 сәуір. 7kun.kz - Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданындағы «Agro Green» ЖШС-гі өңірде алғаш рет ірі көлемде қозықұйрық өсіруді қолға алып отыр. Бұл туралы ОҚО әкімдігі баспасөз қызметі хабарлады.
2017 жылдың басында жұмысын бастаған серіктестік жылына 200 тонна өнім өндіруді жоспарлап отыр.
Бұл бастама - облыстағы қозықұйрық өсіретін ең алғашқы ірі жоба.
Ферма қозықұйрықтың А15 сортын өсіреі. Тұқымды Голландиядан әкеледі. Онда көлемі 280 шаршы метр болатын 12 камера бар. Мұнда егілген қозықұйрық үш айда дайын болады. Яғни, шаруалар жылына 4 рет өнім алады. Қазір осы камераларда өскен қозықұйрықтың бір келісін - 800-1000 теңге. Кәсіпорын қазіргі уақытта 5 тонна өнім жинап, оны Қарағанды, Алматы, Шымкент қалаларының нарығына шығарып жатыр. Ферма басшылығы қозықұйрықтың адам ағзасына тигізер пайдасының мол екенін айтып, бұл кәсіптің түрін Польшадағы әріптестерінен үйрендік деді.
Қозықұйрықтар саңырақұлағы құнды ақуыздарға, көмірсулар мен органикалық қышқылдарға бай. Сонымен қатар, құрамында PP, E, D, B дәрумендері, жүрек-қан тамырлары жұмысына жайлы әсер ететін кальций, магний, мырыш бар.