Шымкент. 3 мамыр. 7kun.kz - Шардара ауданында үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында тағы бір балық зауыты ашылды. Бұл туралы ОҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Зауыт жылына 600 тонна балық өнімдерін өндіруге қауқарлы. Өнеркәсіп құрылысына «Оңтүстік» аймақтық инвестициялар орталығы арқылы 42 млн. теңге көлемінде төменгі пайызбен несие алынған.
Серіктестік қазіргі уақытта 30 адамды жұмыспен қамтып отыр. Сонымен қатар, алдағы уақытта өндірісін кеңейтіп, балық өсіруді де қолға алмақ.
Мұнда балықтың филе, мұздатылған және ысталған түрлері өндіріледі. Ал дайын өнім Еуропа елдерінің нарығына шығарылып жатыр.
Айта кетейік, Шардара ауданы бойынша «Саодат» ЖШС-інің балық зауыты балық өңдеумен айналысатын 4-ші кәсіпорын. Ал «Хамит» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативінің балық өңдеу зауыты, «Шардарабалық-1» пен жеке кәсіпкер Талғат Жалғасбаевтың балық өңдеу зауыттары 2016 жылы жалпы 4 мың тоннаға жуық балық өңдеп, 3,2 млрд. теңге өнім өндірді. Оның 80 пайыздан астамы шет елдерге экспортталды. Ал жаңадан ашылған кәсіпорындар есебінен биыл өнім көлемін 30 пайызға арттыру жоспарланып отыр.