Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

ОҚО іскерлік климатты қалыптастыруда үздік үштікке кірді

ОҚО іскерлік климатты қалыптастыруда үздік үштікке кірді

Алматы. 9 сәуір. 7kun.kz - Оңтүстік Қазақстан облысы іскерлік климатты қалыптастыруда республика бойынша үздік үштікке енді. Бұл туралы облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың  қатысуымен өткен кездесуде Қазақстанның кәсіпкерлер құқығын қорғау бойынша өкілі Болат Палымбетов мәлімдеді.

ОҚО Астана қаласынан кейін үшінші  орынға тұрақтады. Өңірде шағын және орта бизнес  қарқынды дамып жатыр.

Жансейіт Түймебаевтің Болат Палымбетовпен кездесуінде  оңтүстік  өңірінің кәсіпкерлік саласында жиі көтерілетін проблемалар талқыланды. Атап айтсақ, өңірдің іскерлік ортасын қалыптастыру, көлеңкелі экономика мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, салық төлеу, жер телімдерінің берілуі сияқты өзекті мәселелер жөнінде сөз қозғалды. Республика бойынша "Атамекен" кәсіпкерлер палатасына шағын, орта және ірі бизнеске қатысты түскен арыз-шағымдардың басым бөлігі де осы мәселелер жөнінде  тіркеледі.  Өңір басшысы аймақта кәсіпкерлікке қажетті жер телімдеріне деген тапшылық туындап отырғанын айтты.

«Оңтүстік Қазақстан облысында  бос жатқан бірде бір жер телімі жоқ. Облыс орталығындағы барлық коммерциялық жерлер сатылып кеткені жасырын емес. Сондықтан біз құрылысы ұзақ жылдар бойы тоқтап тұрған жер телімдерін анықтап шығып, қадағалауымыз қажет. Бұл ретте аймақтағы барлық жер телімдері тексеріп, олардың тиімділігін арттыру жолдарын ойластыру керек», - деді Жансейіт Түймебаев.

Қазақстанның кәсіпкерлер құқығын қорғау бойынша өкілі Болат Палымбетовтің айтуынша, оңтүстік қазақстандық кәсіпкерлердің белсенділігі жоғары. бірақ, бірқатар мәселелер шешілмей жатыр.

«Оңтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлік нысандары бойынша республикада алдыңғы үштікке кіреді. Мұндағы кәсіпкерлердің белсенділігі де жыл санап артып келеді. Бұл ретте жергілікті кәсіп иелеріне қолдау білдіріп отырған жергілікті биліктің де жұмысына оң баға беруге болады», - деді Болат Палымбетов.

Сондай-ақ инвестор тартудағы көшкі-қон заңнамаларының бірқатар заңдылықтары мен мемлекеттік тапсырысты бөлу кезінде туындайтын құжатбастылық мәселелері де қаралды.

Похожие материалы