Шымкент. 14 қыркүйек. 7kun.kz – ОҚО Сайрам ауданында 700 тоннадан астам сүт өнімдері өндірілді. Бұл туралы ОҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Сайрам ауданында 2017 жылдың қаңтар-шілдесінде 9559,4 млн теңгеге тамақ өнімдері өндірілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,2 пайызға көп. Салада табиғи түрде 725 тонна сүт өнімдері, 51596 тонна ұн, 60 тонна шұжық өнімдері мен 720,4 мың литр өзге де алкогольсіз сусындар өндірілген.
2007 жылы іске қосылған «Компания Натур Продукт» ЖШС сүт өнімдерінің бірнеше түрін өндіреді. Өндірісте «Хан» сауда маркасымен сүт өнімдері: айран, ірімшік, йогурт, құрт, сары май шығарылады. Серіктестік Ақбұлақ ауылында орналасқан. Тәулігіне 20 тонна сүт өңдеуге қауқарлы өндіріс орында 32 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. 2016 жылдың қорытындысымен өндірісте 108,2 млн теңгенің өнімі өндіріліп, бюджетке 19,2 млн теңге салық төлеген. Ал 2017 жылдың жеті айында 71 млн теңгенің өнімі өндірілген.
Кәсіпорын басшысы алдағы уақытта өндірісті кеңейту мақсатында Ақсу ауылында тәулігіне 150 тонна сүт өңдейтін жаңа зауыт құрылысын жүргізуді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, тамақ өнеркәсібі ауданның тұрақты экономикалық дамуында аса маңызды орын алады.
Айгүл Хожантаева