Шымкент. 30 желтоқсан. 7kun.kz - Жаңа жылдан бастап Оңтүстік Қазақстан облысында су, электр және газ қымбаттамайды. Бұл туралы ҚР Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің ОҚО бойынша департаментінің басшысы Бақтияр Аталықов мәлімдеді, деп хабарлайды облыстың баспасөз қызметі.
Оның айтуынша, келер жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда теміржол тасымалы, электр және жылу энергиясы, мұнай өнімдерін өндіру, мұнай тасымалы, азаматтық авиация, айлақтық қызмет (портовая), почта және телекоммуникация, газ салаларында мемлекеттік бағаларды реттеуден бас тартылады. Бірақ бұл тарифтерді мемлекеттік бақылау болмайды дегенді білдірмейді.
2017 жылғы 1 қаңтардан бастап баға еркіндікке жіберіледі. Әлемнің дамыған елдердегідей монополияға қарсы реттеу әдісімен алмастырлады. Яғни, департамент баға бойынша сөз байласқан, үстем жағдайды теріс пайдаланған, монополиялық жоғары баға белгілеген жағдайлар үшін жазалайтын болады. Қай салада болмасын тарифтер өсімі инфляция деңгейінен жоғары болмауы тиіс.
Бұл жүйені реформалау, бағаларды реттеуден монополияға қарсы реттеуге өту арқылы жүзеге асырылады. Бағаларды реттеуден бас тарту, елдің экономикасына мультипликативті әсер ететін, немесе әлеуметтік шиеленіс тудыратын жекелеген салалардың нарық субъектілерінің көрсететін қызметтеріне бағаның негізсіз өсуіне алып келуі де мүмкін.
Осыған байланысты, Ұлттық экономика министрлігімен талдаулар жүргізіліп, қорытындысымен қоғамдық маңызды нарықтар қатарына жатқызуға ұсынылған тізім жасалды. Соның қатарына газ нарығында – 2, темір жол көлігі нарығында – 2, азаматтық авиация нарығында – 5, электр қуаты нарығында 4 қызмет түрлері енгізілді.