Экономика
Олег Смоляков «7-20-25 - әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бағдарламасына кім қатыса алатыны туралы айтып берді
Алматы. 18 мамыр. 7kun.kz - Бүгін «7-20-25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бағдарламасы бойынша ҚР Парламенті Сенатындағы дөңгелек үстел барысында Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Олег Смоляков Бағдарламаға кім қатыса алатыны туралы айтып берді.
Ол 7-20-25 схемасына тұрғын үйі жоқ адам ғана қатыса алады деп атап өтті. Баспана алғысы келетін азаматтарды жеңілдікті тетіктермен қамтамасыз ету маңызды.
«Әр адамда кредитке қиындықсыз қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін кірісінің болуы тағы да бір маңызды талап болып табылады. Бүкіл бағдарламаның орнықтылығы азаматтардың келешекте өз қарыздарына қызмет көрсету мүмкіндігіне толық байланысты болады. Алғашқы кезеңде біз 7-20-25 бағдарламасына тек бастапқы тұрғын үйді ғана тартуды жоспарлап отырмыз. Кейіннен, даму шамасына қарай бағдарламаны кеңейту мүмкіндіктерін зерделеуге дайынбыз», - деп түсіндірді О. Смоляков.
Сонымен қатар, ол аталған шараның әлеуметтік бағдарлама екенін және мемлекеттің міндеті азаматтарды бірінші кезекте қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету болып табылатынын, сондықтан тұрғын үйдің шекті құны белгіленетінін атап өтті. Мәселен, Астана, Алматы, Ақтау және Атырау сияқты қалалар үшін тұрғын үйдің ең жоғары құны 25 млн теңге, басқа өңірлер үшін 15 млн теңге болады.
«Бұл талаптарды біз бастапқы кезеңде пайымдаймыз. Аталған шектеулер бағаның өсуіне жол бермеуге мүмкіндік береді. Тұрғын үй бағасының алыпсатарлық өсуінің бұрынғы тәжірибесін қайталауға болмайды. Бағдарламаны іске асырудың айқындылығын қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық Банк түсіндіру жұмысына және өңірлердегі тұтынушылармен белсенді түрде өзара іс-қимыл жасауға баса назар аударатын болады», - деп сөзін қорытындылады Ұлттық Банк басшысының орынбасары