
Алматы. 22 қараша. 7kun.kz - 60 килограмм салмақ дәрежесінде белдескен Олжас Оразалыұлы қазір 18 жаста.
Олжас чемпионатта испаниялық Боржа Пахиссаны иппонмен, екінші кездесуінде жапон балуаны Такааки Хирайды, ширек финалда алжирлік Моулоуд Ноураны таза жеңді. Ал жартылай финалда әзербайжандық Орхан Гараевтан басым түсіп, финалда Алжир спортшысы Ишак Оулдкоуидерді ұтып, ел қоржынына алтын медаль салды.
Парадзюдодан өткен әлем чемпионатына 42 мемлекеттен 267 дзюдошы қатысыпты. Қазақстан командалық есепте 1 алтынмен 10-орынға тұрақтады. Әлем чемпионатында Қазақстан намысын 7 балуан қорғаған.
Бүгін таңертең әлем чемпионатына қатысқан қазақстандық балуандар Алматы әуежайына келіп қонды. Жеңімпаздар мен спортшыларды "Спортты дамыту дирекциясының" ұжымы гүл шоқтарымен күтіп алды. 7kun.kz тілшілері әлем чемпионы атанған Олжас Оразалыұлымен әңгімелесіп қайтты.
[caption id="attachment_98768" align="aligncenter" width="300"]
Әзірбайжан елінің балуаны Орхан Гараевпен болған жекпе-жек қиынға соқты. Сосын финалдық бәсекеге қатты дайындалдым. Қанша дегенмен, ақтық сынға тек мықтылар шығады ғой. Соңғы сәтте сүрініп кетпеу үшін физикалық, психологиялық тұрғыдан көп дайындалдым.
- Парадзюдо мен дзюдоның әлемдік стандарттар бойынша қандай айырмашылықтары бар? Ережелері мен талаптары бірдей ме? - Ұқсас тұстары бар. Айырмашылықтары да аз емес. Парадзюдо жекпе-жегі басталғанда қарсыластарды алдымен жаға мен жеңнен ұстатып жібереді. Арнайы командадан кейін ғана күрес басталады. Парадзюдоның талаптары дзюдоға қарағанда қиындау. - Қазақстандық және басқа елдерден келген спортшылардың дайындық деңгейі қандай екен? - Әлем чемпионатына әлемнің 42 мемлекетінен 267 дзюдошы қатысты. Үздіктері де, дайындық деңгейі жоғары еместері де бар. Өзіміздің Қазақстаннан 7 балуан барды. 66 келі салмақта Азамат Тұрымбетов және Азамат Нокушев, 73 келіге дейінгі салмақта Теміржан Дәулет пен Ерғали Шамей және 81 келі салмақта Темірболат Тәшекенов қатысты. Мен қатысқан 60 келі салмақ дәрежесінде Әнуар Сәриев те бақ сынады. "Бақ шаба ма, бап шаба ма?" деп отырғанда 1 алтын медальмен командалық есепте 10-орын алдық. - 18 жаста әлем чемпионы атанып үлгердің. Алда қандай жоспарларың бар? - Кез келген спортшы үшін ең үлкен жетістік - Олимпиада шыңын бағындыру. Алдағы уақытта олимпиадаға дайындықты бастамақпын. -Сәттілік! Жеңісті күндерің көп болсын!