Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Онлайн кредит орға жығады

Онлайн кредит орға жығады

Интернет кредит саласына да жетті. Қазір банкке бармастан үйде отырып, кредит рәсімдеп, ала беруге мүмкіндік бар. Мұны әдеттегі банктерден бөлек ұсынатын арнайы компаниялар көбейді. Яғни, қазіргі кезде кредит нарығында банктер мен шағын несие беру ұйымдарынан бөлек онлайн-кредит берушілер пайда болды.

Олардың қызметіне сұраныс бар, артып келеді.  Алайда бұл нарық Азаматтық кодекстен басқа заңмен реттелмейді.  Яғни қарыз беру, алу, қарыз алушының жеке бас мәліметтері, қарызды қайтарумен айналысатын коллекторлардың өзі заң аясынан тыс. Егер кредит беруші мен алушы арасындағы қарым-қатынас азаматтық кодекс аясынан тыс болса, ол ешқандай заңмен реттелмей, мәселе шешусіз қалады.

Алайда бұған қарамастан Қазақстанда онлайн кредитке сұраныс та, сәйкесінше ұсыныс та көбейген. Бірінші кредит бюросының мәліметінше 2015 жылы Қазақстанда берілген онлайн кредит көлемі 2,5 млрд теңге, 2016 жылы 8,9 млрд теңгені құраған. 2017 жылдың 9 айында ғана займдар көлемі 22 млрд теңге болған. Өткен жылы онлайн рәсімделген кредит көлемі шамамен 30 млрд теңгеден асады. Егер осы қарқынмен жүре берсе 2018 жылы бұл көрсеткіш 70-100 млрд теңгеге жетуі мүмкін. 2017 жылы онлайн несие беру нарығында 4-5 жаңа компания пайда болыпты. Биыл тағы 4-5 қосылуы мүмкін.

Ұсыныстың да, сұраныстың да көбеюіне не себеп? [caption id="attachment_82851" align="alignleft" width="150"] Фото: Zonakz.net[/caption]

«ФинТех» қауымдастығының атқарушы директоры Ерлан Смайловтың айтуынша өсімге жастардың барлық затты интернет арқылы алуға тырысатыны мен аймақтарда смартфон қолданушылар санының артуы яғни технологиялық фактор себеп болуы мүмкін. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы тиімді жұмыс істей бастаса бұл нарық қызуы мүмкін. Сонымен қатар несиені алудың оңайлығы да себеп. Арнайы сайтқа кіріп, қажетті талаптарды орындасаң болды.

Алайда мұның екінші жағы да бар.

[caption id="attachment_82852" align="alignright" width="150"] Фото: lenta.inform.kz[/caption]

5 күн бұрын Парламент Сенатының депутаты Сергей Ершов Бас прокурорға депутаттық сауал жолдап, онлайн қарыз беретін компаниялардың қызметі қаншалықты заңға сәйкестігін білмек болды. Депутаттың айтуынша мұндай кредиттерде өсімпұл, комиссия, айыппұл, пайыздық сыйақы мөлшері жағынан еш шектеу қойылмаған. Мысалы: комиссия 1000%-ға жетуі мүмкін. Мың процент!

«Клиенттің бірегейлігін анықтау үстіртін жүреді. Кредитті кез-келген адам, кез-келген жағдайда, тіпті алкогольдік немесе есірткіге елтіген күйі, біреудің күштеуімен алуына да мүмкіндік бар. ҚР микроқаржы ұйымдары туралы заң нормасы мұндай операцияларды реттемейді және қарыз алушыларды қорғай алмайды»,-деді сенатор.

Сенатордың сөзінің жаны бар сияқты.

Қарыз берумен айналысатын онлайн компаниялар заң мен мемлекеттік реттеу жағынан тыс. Яғни қарыз алушылар заңмен қорғалмаған. Бұған қарамастан онлайн кредит берушілер клиенттің банктік картасы, тіпті ондағы қорғаныс коды, кредиттік тарихына дейін ақпарат жинайды. Мұның бәрі клиенттің жазбаша келісімінсіз алынады. Бұл «ҚР кредиттік бюросы және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы» заңды бұзады. Сенатордың айтуынша Сенаттағы әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетіне Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығы осындай компаниялардың қызметін реттеуді заңдық жағынан шешуді ұсынған.

[caption id="attachment_82853" align="alignleft" width="247"] Фото: afk.kz[/caption]

Алайда Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығы «мұндай мәселемен аталған комитетке өтініш жасаған жоқпыз»,- дейді.

«2017 жылы ҚҚҚ аясында онлайн кредиттеуді қоса алғанда қаржы нарығын дамыту мақсатында  Қаржы технологиялары және инновация комитеті құрылған. Сондай-ақ, өткен жылы «Қазақстандық «ФинТех» қауымдастығымен бірлесіп ҚР ұлттық банкімен біріге отырып, онлайн-кредиттеуді реттеу мәселесін талқылауды ұсынған. Бастысы кредит беруші ұйымдар мен алушылардың ережесін анықтауды жоспарлаған», - дейді ҚҚҚ. 

Бұл әлі орындалмаған. Демек онлайн-кредиттеу саласы заң аясында реттелмейді.

Мұнда аты аталған қазақстандық «ФинТех» қауымдастығы болса «қауымдастыққа мүше компаниялар қауымдастық аясында өз-өзін реттеуді жүзеге асырып отыр», дейді. Мысалы: 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қауымдастыққа мүше компаниялар қайтару мерзімі өтіп кеткен займдар бойынша талапты ерікті түрде азайтқан. Коэффицент негізгі қарыздан 3,5 –тен аспайды. Мысалы: клиент 10 000 теңге алса, уақытында қайтара алмаса, негізгі қарыз 10 000 теңге + 250%, барлығы 35 000 теңге қарыз болады. Қарыз алушыға бұл сомадан артық сома талап етілмейді.

Онлайн несие беруші компаниялардың қарызы бойынша пайызының жоғары болуына себеп – мұнда сыйақы мөлшерлемесі жылдық емес, күндік болып есептеледі. Өйткені мұндай компаниялар қарызды айлыққа дейін деп береді, қарыздың орташа уақыты 23 күн, орташа сомасы 37 000 теңге.

Қауымдастық өкілдерінің айтуынша олар Ұлттық банкке нарықты реттеу бойынша өтініш жасаған. Алайда мұның қашан жүзеге асатыны белгісіз.

Айта кетейік, онлайн несие берушілердің 10% аталған қауымдастыққа мүше емес. Әрі құрылтайшылары, кейбірінің бас кеңселері алыс-жақын шетелдерде. Заңмен толық реттелмейді. Сондықтан олармен байланысудың өзін елестете беріңіз.

Әйтсе де аяқ асты жалақыға дейін қаражат қажет болып, мұндай компанияның қызметіне жүгіну керек болса не істеу керек?

Өте мұқият болыңыз. Сайтына кіріп, барлық құжаттарын тексеріңіз. Қазақстандық компания ма, әлде шетелдік пе? Қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі, комиссия неше? Жоғарыдағы «ФинТех» қауымдастығына мүше ме? Құрылтайшы, басшылары кім? Шартта не жазылған? Алған сомаңызды неше көлемде қайтарасыз? Қарызды қайтара алмағн жағдайда не болады? Жеке бас мәліметтері қалай сақталады, үшінші тарапқа берілмей ме? Осы сұрақтарға толық жауап алғаннан кейін барып, рәсімдеуге кірісіңіз.

Похожие материалы