Алматы. 21 шілде. 7kun.kz - Қазақстанда интернет арқылы тауар сататын сайттар саны күрт көбейген. Оған соңғы кездегі онлайн саудаға сұраныстың артуы себеп. Бұл туралы статистика комитеті хабарлады.
2017 жыды елдегі интернет сауданың құны 1 млрд 340 млн долларға жеткен. Бұл көрсеткіш 2016 жылы 750 млн доллар болса, сарапшылар 2020 жылға қарай сандар біршама артады деп пайымдауда. Мысалы, 3 жылдан кейін онлайн-сервистердің сауда айналымы 61 млрд доллардан асады деп болжауда.
Комитеттің мәліметінше, 2016 жылы шет елдік сайттарда отандастарымыз 79 млрд 800 млн теңге жұмсаған. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 28,3 пайызға көп. Сонымен қазақстандықтар 2016 жылы өзге елдерден қандай тауар түрлеріне онлайн тапсырыс берді? Сандарға салып саралап көрсек, құрылыс материалдары бірінші орында тұр 13 млрд 600 млн теңге, косметика - 11 млрд 900 млн теңге, ал электронды құрылғылар 8 млрд 200 млн теңге. Сондай-ақ, киім-кешек, компьютер, тіпті дәрі-дәрмектер де аса сұранысқа ие тауарлар қатарында екен.