ОҚО 186,7 млрд теңгенің өнімін өндірді. Аймақтағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 5,3% артқан. Бұл туралы ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр мәлім етті.
Баспасөз мәслихатында облыстың әлеуметтік – экономикалық даму көрсеткішінің І тоқсанындағы жағдайы туралы баяндаған облыс әкімінің орынбасары өнеркәсіп өнімінің көлемі 5,3% артып, 186,7 млрд. теңгені құрағанын айтты.
Оның айтуынша, облыстағы өндірілген өнеркәсіп өнімі көлемінің 37,3 пайыз үлесін құрайтын тау-кен өндіру саласында өндірілген өнім көлемі – 69,7 млрд. теңгеге жеткен. Ал өңдеу өнеркәсібі (үлесі 50,4%) өнімінің көлемі 94 млрд. теңгені құраған. Көрсеткіштердің бұлайша өсуі тамақ, мұнай өңдеу, құрылыс және тоқыма өндірісі есебінен орын алған.
«Облыста индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында осы жылы 27,2 млрд. теңге болатын 16 жоба іске асырылып, 845 жұмыс орнын құру көзделуде. Ал өңірде жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны бүгінгі күнге 189,7 мың бірлікті құрап, 6,8% артса, олардан өндірілген өнім көлемі 6 пайызға өскен»,-деп хабарлады Е.Садыр.
Атқарылған жүйелі жұмыстар мен жасалған іс-шаралардың нәтижесінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші жақсы екенін айтқан облыс әкімінің орынбасары Е.Садыр кәсіпкерлікті қолдау мақсатында, «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы арқылы 680 млн. тң. құрайтын 180 жоба қаржыландырылып, нәтижесінде 252 жұмыс орны ашылғанын жеткізді. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы шеңберінде 13,8 млрд. тң. құрайтын 25 жоба мақұлданып, 37 жұмыс орны құрылғанын, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары арқылы 6927 кәсіпкерге көмек көрсетілгенін мәлімдеді.