Экономика
Выбор редактора
ОҚО-да халықаралық инвестициялық форум өз жұмысын бастады
Шымкентте «Ontustik Invest-2016» атты халықаралық инвестициялық форум басталып, соның аясында оңтүстік қазақстандық тауар өндірушілерінің көрмесі ашылды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Көрменің ашылу салтанатына өңір басшысы Б.Атамқұлов, Түркияның экономика вице-министрі Фатих Метин қатысты. Аталған жиында сөз алған облыс әкім барша қатысушыларға алғысын білдіріп, форум жұмысына сәттілік тіледі. Оңтүстік Қазақстан облысы бизнеске қолайлы аймақ екенін айтқан Фатих Метин өткізіліп жатқан халықаралық форумның маңыздылығын жеткізді.
Көрмеге өңіріміздегі өңдеу өнеркәсібінің барлық салаларында өнім өндіретін, 60-тан астам тауар өндірушілері қатысуда. Онда ұсынылған өнімдердің басым бөлігі индустриалдандыру бағдарламасының бірінші бес жылдығы шеңберінде іске қосылған зауыттарда өндіріледі.
Соңғы бес жылда облыста 164 жоба жүзеге асты. Бұл республикадағы индустриалдандыру бағдарламасы шеңберінде іске қосылған жобалардың әрбір бесінші жобасы болып табылады. Бұдан бөлек, көрмеде әлеуетті инвесторларға арналған 50-ге жуық инвестициялық жобалар ұсынылуда.