Экономика
Орта Азия елдеріне тауар экспорттаудан Қазақстан 1,5 млрд доллар табыс тапты
Алматы. 27 наурыз. 7kun.kz - Қазақстан Орта Азия елдеріне тауар экспорттауды 30 пайызға дейін көбейтті деп хабарлайды Инвестициялар және даму министрлігінің баспасөз қызметі.
«Орталық Азия елдеріне экспортталатын тауар 30 пайызға артты. Бұл елдерге экспорттың көлемі 1,5 млрд АҚШ долларын құрады. Қазақстан негізгі жеткізушілердің бестігіне кіреді және осы елдерге импортталатын тауарлардың 8 пайызын құрайды. Отандық өндірушілердің фармацевтикалық өнім жеткізу көрсеткіші 34 пайызға өсті (19 млн АҚШ долларына дейін). Фармацевтикалық препараттар мен медициналық бұйымдар негізгі нарықтардан бөлек алғаш рет Моңғолия мен Вьетнамға экспортталды. Сондай-ақ, металлургиялық және химиялық өнімді өткізу нарығы кеңеюде. Өнім қазір АҚШ-қа және Еуропа елдеріне жеткізіледі»,-деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.
Министрдің айтуынша, «Азия Автоның» жеңіл автомобильдері алғаш рет Қытай халық республикасына (2017 жылы 988 бірлік Lada Niva), «Сарыарқа Автопром» ЖШС автомобильдері Тәжікстанға экспортталды (2017 жылы55 бірлік JAC). «ДонМар» компаниясы өндіретін ору машиналары Ресей нарығына экспортталып келеді (2014 жылдан бастап 2017 жылға дейін – 94 бірлік).