Алматы. 10 маусым. 7kun.kz — Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеев, Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауындағы жеңісімен құттықтады. Мемлекет басшылары арасында телефон арқылы әңгіме болды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевке құттықтағаны үшін ризашылық білдіріп, бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастықты жан-жақты әрі қарқынды ілгерілету жөніндегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанған саясатын жалғастыратынын атап өтті.
"Мемлекеттер басшылары Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 14-15 сәуірде Өзбекстанға жасаған мемлекеттік сапарының нәтижесінде қол жеткізілген уағдаластықтардың тиімді жүзеге асырылуы қазақ-өзбек қарым-қатынастарының дамуына тың серпін беретініне сенімділік білдірді", - делінген хабарламада.
Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбековпен әңгіме барысында екі елдің тату көршілік және достық негіздегі қазақ-қырғыз қатынастарын одан әрі нығайтуға ниетті екенін нақты айтты. Сонымен қатар, президенттер алдағы кездесулердің кестесін қарастырды.
Сонымен қатар, Эмомали Рахмон мен Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы стратегиялық әріптестіктің одан әрі қарқынды дамитынына сенім білдірді.