Алматы. 19 қараша. 7kun.kz — Қазақстанда 2019 жылдың 10 айында жеңіл өнеркәсіп өнімі өндірісінің көлемі 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,9%-ға өсіп, ақшалай мәнде 87,5 млрд теңгені құрады. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде хабарлады.
Бұл ретте тоқыма бұйымдары өндірісінде 23,7%-ға және киім өндірісінде 7,5%-ға өсім байқалды.
Министрліктің ақпараты бойынша, жеңіл өнеркәсіп саласы үш негізгі топты біріктіреді: тоқыма өнеркәсібі - 52%, киім-кешек өндірісі - 38%, сондай-ақ, былғары және оған қатысты өнімдер - 10%.
"2019 жылдың 1 қыркүйектегі көрсеткіштер бойынша жеңіл өнеркәсіп бағытында 1030 кәсіпорын жұмыс істейді, олардың 96% - бұл шағын кәсіпорындар, қызметкерлердің тізімдік саны шамамен 11 мың адам. Елімізде жеңіл өнеркәсіп бағытында жұмыс істейтін кәсіпорындар ұлттық компаниялар, денсаулық сақтау саласындағы ұйымдарға, Қазақстанның қарулы күштері мен тәртіп сақшыларына, сондай-ақ қарапайым халыққа арналған киімдерді шығарады. Олардың қатарында сырт киімдер, ерлерге арналған костюмдер, балалар киімі, бас киім, үй тоқымасы және аяқ киімдер бар. Бұдан басқа, отандық кәсіпорындар мақта-мата иірілген жіптер мен маталар, кілем, былғары өнімдерін халыққа ұсынады", - делінген хабарламада.
Ведомствода жеңіл өнеркәсіп саласы бойынша 2018 жылы 5 кәсіпорын пайдалануға берілгенін атап өтті.
Сонымен қатар, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2019 – 2021 жылдарға арналған жеңіл өнеркәсіпті дамыту бойынша жол картасын әзірледі.