Нұр-Сұлтан. 5 шілде. 7kun.kz – Отбасы банкін ұлттық даму институты етіп қайта құру ұсынылды. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.
Тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша жаңа заң жобасы әзірленді. Қазір ол мәжілістің қарауына ұсынылды.
«Заң жобасы аясында тұрғын үй саясатын тұтастай реформалау және оны екінші деңгейлі банктер жүйесінен шығара отырып, Отбасы банкін ұлттық даму институты етіп қайта құру ұсынылады», - деді Өскенбаев.
Сонымен қатар Отбасы банк базасында «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығын» құру жоспарланып отыр. Ол ешқандай санатқа қарамастан, республика аумағында баспанасы жоқ барлық мұқтаж азаматты орталықтандырылған түрде есепке алатын болады.
«Ұсынылып отырған жаңа модельде тұрғын үй жағдайын жақсарту жөніндегі мемлекеттік қолдау шаралары есепке қою күніне, табыстың болуына және берілген өтінімге байланысты жүзеге асырылады», - деді Өсенбаев.
Министрдің айуынша, аталған жаңашылдықтар халықты үймен қамтамасыз етудің тиімділігін арттыруға, баспана алу рәсімін оңтайландыруға, сондай-ақ азаматтардың барлық санаты арасында тұрғын үйді әділ бөлудің бірыңғай тетігін енгізуге мүмкіндік береді.