Пандемия жағдайында аман қалу үшін шағын және орта бизнес цифрлық біліктілікті арттыруы қажет
Бүгін «Карантиннен кейінгі бизнес: дағдарыс кезінде қалай бейімделу керек?» тақырыбы бойынша онлайн бизнес-конференция өтті. Шараны Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) «Шелл Қазақстан» компаниясымен бірлесіп ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге арналған «Shell LiveWIRE» бағдарламасы аясында ұйымдастырды.
Платформа қазақстандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігі мен әлеуетін арттыру үшін сарапшылар мен іскер практиктерді біріктіруге мүмкіндік берді. Бір күндік қарқынды бизнес-семинар аясында 300-ден астам кәсіпкер жаңа жағдайларға жедел бейімделудің нақты практикалық құралдарын алды.
Конференция барысында спикерлер - қазақстандық кәсіпкерлер, цифрландыру, маркетинг және коммуникация саласындағы сарапшылар бүгінгі таңда барлығын алаңдатқан «Шағын және орта бизнесті пандемия мен экономикалық дағдарыста қалай аман алып қалу керек?» деген сұрақты талқылады.
Ақтау қаласының кәсіпкері – «Prestije» жиһаз компаниясының басшысы Ирина Беляева карантин жағдайында интернет-дүкенді, әлеуметтік желілердегі аккаунттарды, сондай-ақ мессенджерлер секілді сатудың барлық цифрлық арналарын белсендіру есебінен өзінің сату көлемдерін қалай көтергені туралы айтып берді.
«Төтенше жағдай жарияланғаннан кейін бірінші рет, мен көптеген кәсіпкерлер сияқты, қатты күйзелісте болдым. Бірақ содан кейін біз тобымызды жинап, өзіміздің мүмкіндітерімізді талқылай бастадық. Маскалар тіктік. Тіпті, осы бағытта жақсы жұмыс жасадық. Сонымен қатар, ұзақ уақыт бойы ойланып жүрген бағытты бастауға шешім қабылдадық. Дағдарыс – бұл мүмкіндіктер кезеңі. Сондықтан біз өзіміздің киім үлгісін шығарып, сол жұмысты жақсы атқардық. Шыны керек, мамыр айын біздің компания ең жақсы нәтижелермен аяқтады», - дейді Ақтөбедегі тігін фабрикасы мен сауықтыру кешенінің басшысы Айнұр Бақтығалиева.
«Атамекен» ҰКП жанындағы цифрландыру комитетінің басшысы Болат Бәшеев бүгінгі күні нарықты дамыту үшін кәсіпкерлер мен IT-мамандар кездесетін, өзекті мәселелерді талқылайтын, ең бастысы, ІТ-технологиялар мен электрондық сервистер арқылы бизнес міндеттерін шешу жолдарын таба алатын осындай тұрақты жұмыс істейтін алаңдар қажет екенін атап өтті.
«Шелл Қазақстан» компаниясының үкіметпен және қоғаммен байланыс жөніндегі директоры Зарина Бакенованың айтуынша дағдарыс – бұл белгісіздік кезеңі, әрі бұл жаңа мүмкіндіктер уақыты.
«Қазіргі жағдай бізге үлкен бизнес ретінде әсер ететініне қарамастан, біз әлеуметтік жауапты компания ретінде кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді жалғастырамыз және кеңейтеміз. Мәселен, осы жылдың басынан бастап біз кәсіпкерлерге консультациялық қызмет көрсету үшін грантты 50 пайыздан 75 пайызға дейін көтеруді ұйғардық», - дейді ол.
«Карантин кезеңінде ЕҚДБ өз білім базасын өзектендіру бойынша белсенді жұмыс жүргізді. Енді ол бұрынғыдан да қол жетімді болды: қаржы және цифрландыру бойынша тренингтер, дағдарысқа қарсы вебинарлар өткізілді, қазақстандық кәсіпкерлерге маркетинг, сату және басқа да бағыттар бойынша ақысыз онлайн кеңестер берілді. Бүгінгі таңда бизнестің халықаралық даму институттарының қолдауын сезінуі өте маңызды», - деді Нодира Мансурова, ЕҚДБ ШОБ қаржыландыру және даму департаментінің аймақтық басшысы.
Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар отандық компаниялардың кейстерін нақты уақыт режимінде талдап, оларға бизнестің жаңа жағдайларға бейімделуіне көмектесу үшін кәсіпкерлерді, IT сарапшыларын, қаржы институттарын тарта отырып, тұрақты негізде «Қазақстандық бизнесті цифрландыру күндерін» өткізуге шешім қабылдады.
Анықтама:
Жоба доноры: «Шелл» - энергетикалық және мұнайхимиялық компаниялардың халықаралық тобы, штаб-пәтері Гаагада Нидерландыда орналасқан. Қазіргі уақытта «Шелл» Қазақстан экономикасындағы ең ірі шетелдік инвесторлардың бірі болып табылады. «Шелл» концерні үш жобаға қатысады. Бұл Солтүстік Каспий бойынша өнімді бөлу туралы келісім (ӨБК) (үлесі 16,81%), Қарашығанақ кен орнындағы өнімді бөлу туралы түпкілікті келісім (үлесі 29,25%) және Каспий құбыр желісі консорциумы (үлесі 7,4%).
Shell LiveWIRE жаһандық бағдарламасы жас кәсіпкерлерге өңірлердің экономикалық дамуын ынталандыра отырып, өз кәсібін бастауға көмектеседі. Бағдарлама қазіргі уақытта әлемнің 18 елінде жұмыс істейді. 1982 жылдан бастап бағдарлама 9,2 млн астам жас кәсіпкерлерді қолдады. 2018 жылдан бастап бағдарлама жергілікті кәсіпорындарға қосымша мүмкіндіктер бере отырып, ҚР аумағында жұмысын бастады.