Алматы. 23 сәуір. 7kun.kz – Алматы облысының полиция департаменті «Алтын Орда» базарының жаңа иесі Данияр Әлпиевтің үндеуіне жауап беріп, "Қорқыту" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады, деп хабарлайды 7kun.kz.
Кеше «Алтын Орда» базарының жаңа иесі өзінің және жақындарының өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, Президенттен көмек сұраған үндеуі жарияланған болатын. Осыдан кейін Алматы облысының полицейлері аталған жағдайға байланысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады.
«22 сәуірде Алматы облысының полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 115-бабы «Қорқыту» бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеудің объективтілігін, жан-жақтылығын және толықтығын қамтамасыз ету үшін арызданушының барлық уәждері тексерілетін болады», - дейді полициядағылар.
Басқа мәліметтер тергеу мүддесі үшін жарияланбайды.
Еске салайық, бұған дейін «Алтын Орда» базарының жаңа иесі Данияр Әлпиев өзінің және отбасының өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, Президенттен жақын күндері «Алтын Орда» базарының аумағындағы қылмыстық топтардың заңсыз әрекеттерін құқық қорғау органдары арқылы тоқтатуын сұрады.
Кәсіпкердің айтуынша, оның жұмысына базардағы қылмыстық элементтер кедергі келтіруде.
Айта кетейік, 2022 жылдың ақпанында Сауда және интеграция министрлігі «Алтын Орда» базарының аумағы Болат Назарбаевтың «KURYLYS LTD» ЖШС-не тиесілі екенін хабарлады. Онда көптеген заңбұзушылықтар анықталған соң, Данияр Әлпиев базардың жаңа иесі болып танылды.
«Алтын Орда» базары – еліміздің ең ірі нарықтарының бірі. Жалпы ауданы 180 мың шаршы метрді құрайды. Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, ондағы орынды жалға алушылар саны 4540 адамға жетеді. Бүгінде базарға күніне 8 мыңға жуық адам келеді.