Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Престиж мамандық һәм мемлекеттік грант

Престиж мамандық һәм мемлекеттік грант

Мемлекеттік грантқа әркім де дәмелі. Мектеп бітіріп, ұлттық тест­тен жоғары ұпай жинаған түлектер мемлекет ұсынатын тегін грантты алудың жолдарын зерттеп, таңдауды таразыға салуда. Ал, ата-аналар болса, «өткен жылы мынанша грант бөлінді, биыл мемлекет қанша жасқа тегін грант береді?» деп, тақым қысып отыр. Айтса айтқандай-ақ, білім саласына жауапты министрлік көп ұзамай мемлекеттік гранттардың барысы жайлы брифинг ұйымдас­тырды. Жауаптылардың сөзіне сүйенсек, тегін гранттарды тағайындауда  өзгеріс бар.

Келешек сапалы кадрлар даярлау үшін билік грант санын жылдан-жылға еселеуде. Бірақ, салыс­тырмалы анализге салсақ, 2018 жылға қарағанда биылғы жылға бөлінген гранттың санында айырмашылық бар. Мәселен, өткен жылы 53594 грант көзделсе, биыл тегін оқу жолдамасы 50985-ке жетті. Яғни 2609 грантқа кем. Неліктен грант саны өткендегіден аздық еткені турасында министрлік жақ ашпады.

51 мыңға жуық гранттың басым бөлігі техникалық мамандықтарға бағытталған. 8276 орын педагогикалық ғылымдарға,  1615-і өнер, 960-ы әлеуметтік ғылымдарға, яғни ақпарат және журналистика саласына бөлінген. Ал, бизнес бағытына бет бұрамын дегендер үшін 1223 грант қаралып отыр. 4088 грант жаратылыстану ғылымдарына, 5977 грант ақпараттық-коммуникациялық технология саласына бөлінген. 15011 орын техникалық ғылым саласына, 1600-ы ауыл шаруашылығы саласына, 835-і ветеринария, 2200-ы қызмет көрсету бағытындағы мамандықтарға арналған. 2450 орын даярлық мамандары үшін бөлінген. Ал, 1641 грант өзге де мамандықтар үшін бағыттал­ған. Мұнан өзге 5109 тегін оқу «Серпін» мемлекеттік бағдарламасына бөлінген.

Гранттың бөлінісі мектеп бітіруші түлектердің тегін грантқа деген сұранысына тікелей қатысты. Мәселен, өткен 2018 жылы 75430 адам қатысқан. Оның 60327-сі қазақ тілінде білім алғысы келсе, 14810-ы орыс тілінде білім алған. 293-і ағылшын тілін қажетсінген.

Енді өзгерістерге келсек. Мемлекеттік гранттар бөлуде ерекшелік жоқ емес. Бұрындары жоғары оқу орындарының мамандықтарына қарап бөлінсе, ендігіде білім беру бағдарламасы ескерілмек. Яғни бейінді пән аясындағы мамандықтарға сәйкес грант қаралады.

«Білім беру бағдарламасында барлығы 97 топ бар. Мәселен, мау­сым айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеудегі сынақты талапкер математика-физика" пән­дерінің комбинациясы бойынша тапсырады делік. Сәйкесінше, талапкер үшін білім беру бағдарламасының тобын ұсынылған 25 бағдарламаның ішінен таңдап алу мүмкіндігі туындайды», - дейді ҚР Білім және ғылым министрлігінің ресми өкілі.

Қарапайым тілмен қайырғанда, физика-математика таңдаған түлек 25 мамандықтың біреуіне бара алады. Ал, биология-география таңдағандар 9, дүниежүзі тарихы-география 4, химия-биология бағытына ба­ратындар 16, қазақ тілі-әдебиеті 3, математика-география 9, география-шет тілі саласын көздегендер 2, шығармашылық емтихан тапсыратындар 9 білім беру бағдарламасын тапсырады.

Біз айтқан білім беру бағдарламаларының топтары белгілі бір кадрларды қамтамасыз ететін бағдарлама жиынтығы. Түлектер үшін мынаны баса айтқан артық болмас. Ұлттық тестілеу аяқталғаннан кейін әрбір түлек гранттар байқауына қатыса алады. Өтінім шілденің 20-сына дейін қабылданады. Әрбір түлек таңдаған мамандығына сай 4 университетті белгілей алады. Ұлтық университеттің студенті атану үшін кем дегенде 65 балл жинау міндетті. Ал, педагог, ауыл шаруашылығы және биоресурстар, ветеринар боламын деген жас 60 баллды еңсеруі керек. Ал, болашағын медицинамен байланыстыратындар 65 баллдан жоғары межені алуы шарт.

Гранттар тағайындау мәселесіндегі шекті балл турасында педагогика мамандықтары жиі көтеріледі. Бі­лім саласының маманы болғысы келетін жастар арнайы сұрыптаудан өтуі тиіс деген әңгімелер төтесінен ай­тылады. Білім саласында айтары бар ұстаз Бақытжан Сайлыбаев ұстаз атанғысы келетіндерге қойылар талапты ұлттық университеттің талабымен бірдей ету керек деп есептейді:

«Педагогика ғылымдары» то­бын­дағы білім беру бағдарламалары бойынша төменгі шекті баллды педагогикалық білімнің сапалылығы үшін 60-қа көтеру керектігі көптен ай­тылып жүр еді, өте орынды бол­ған. Дегенмен мұны медициналық мамандықтармен, ұлт­тық университеттермен бірдей 65-ке де­йін көтеру дұрысырақ болар еді. Колледж бітірушілер үшін соңғы екі жылда кешенді тестілеу мектеп бағдарламасы бойынша емес, колледжде игерген кәсіби екі пәннен ғана болатындығы жеңіл және өте орын­­ды болды. Тек биылдан бастап колледж бітіріп, кешен­ді тестілеу нәтиже­сінде грантты иелене алмай қалғандар мен шекті баллды да ала алмағандар, сонымен бірге тестілеуге мүлде қатынаспағандардың өзі университетте жүр­гізілетін әңгімелесумен-ақ ақылы негізде оқи алатындығы, жоғары оқу орындарындағы, әсіресе кейбір жеке университеттердегі білім берудің формальдылығына алып келері сөзсіз. Бұл еліміздің жоғары білім беру жүйесіндегі бір уақыттарда орын алып, нәтижесін көргеннен соң жойылған қателіктердің бірі еді»,- дейді Б.Әбдіхалықұлы.

Тек мемлекеттік грантты күтіп отыру да аздық етеді. Себебі жоғары баллды еншілеген түлектер үшін шетелдік университеттердің де жеке гранты бар екені де көпті ойландыруы керек. ҚР Білім және ғылым министрлігі биылғы жылы дүниенің әр бұрышындағы елдердің білім гранттарына қазақ түлектері түсе алатынын қаперге салды. Айталық, бакалавриатқа 25, магистратурға 125, PhD докторантура 10 грант бө­лінген. Шетелдің үздік университе­тінің есігін ашуға ниетті студенттер құ­жат­ты 19 шілдеге дейін тапсыруы тиіс.

Мамандыққа қатысты зерттеу жүргізетін сарапшылар түлектерге техникалық бағыттағы маман иелері болуға кеңес береді. Әсіресе, ІТ бағыттағы жаңа салада бәсекеге қабілетті кадрларды күтеді. Finprom.kz сайтында қандай мамандықтарға сұраныстың төмендегені келтірілген. Айталық, 2012-2013 жылдары құ­қық­тану мамандығын 11,5 мың студент оқыса, 2018 жылы 6 мың ғана осы мамандықты таңдаған. Яғни қажеттілік 40 пайызға қысқарған. Ал, «есеп және аудит» мамандығына деген сұраныс соңғы 5 жылда күрт түскен. 4 мыңға жуық түлектің таңдауы болған бұл мамандықты қазірде 2 мыңға жуық талапкер таңдайды.

Техникалық мамандыққа бой ұратын жастардың да статистикалық көрсеткіштері қызық. Аймақтар бойынша бөлінісін бағамдасақ, техникалық салаға қызығатын аймақтың көшін Оңтүстік Қазақстан облысы бастайды. Аймақта 2017-2018 оқу жылдары 26 мыңға жуық түлек техникалық және кәсіптік мамандық­тар­ға барған. Мұнан кейін Шығыс Қазақстан аймағы. 12 мың түлек осы саланың маманы болуға ниеттенген. Шығыс Қазақстанда 6,8 мың, Атырауда 5,8 мың, Маңғыстауда 6,6 мың, Ақтөбеде 9,3 мың, Қостанайда 7,4 мың, Ақмолада 8 мың, Ақмолада 8 мың, Павлодарда 7,3 мың, Қы­зылордада 7,4 мың түлек техникалық маман иесі атануды көз­деген. Ең тө­менгі сұраныс Сол­түстік қазақстан аймағы еке­ні анықталған. Мұнда 4,6 мың түлек осы саладан нәпақа із­деу­ді дұрыс деп тапқан.

Мамандар келешекте техниканың тілін табатын мамандарға сұраныс төмендемейді дегенге сендіріп отыр. Яғни 2021 жылға қарай техникалық мамандық иелерінің саны 70 мыңға жетпек. Ал, қысқа мерзімді курс оқып, маман атанатындардың ұзын-саны 56 мың адамға жетеді деген болжам бар.

Грант алуға құжат тапсырғандардың бәрі бірдей қалаған оқу орнына бара алмайды. Өткен жылдың қорытындысымен сөйлер болсақ, бөлін­ген 53 мың гранттың 47318-і өз тү­лектерін тапқан. Ал, білім беру грант­тарын тағайындау конкурсына қатысу үшін 32448 өтініш білдірген ауыл жастары арасынан 20647 адам грант алған.

www.testcenter.kz сайтындағы мә­ліметте өткен жылы өтініш білдірген 646 жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың 4 633-і грантқа ие болған. Ал, «Мәң­гі­лік ел жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарламасына бет бұрған 6099 студенттің 3510-ы тегін гранттың жолдамасын алған.

Грант алудағы негізгі қадам мамандықты және университетті дұрыс таңдау. Министрлік мамандары өт­кен жылғы республикалық конкурс­тың нәтижесін сараптай келе 5 университетке түлектердің таңдауы көп болғанын растады. Яғни әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне 6604, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне 4022, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетіне 2134, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне 2112, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті­не 1772 студент құжат тапсырып, грант иеленген.

Мамандықты грант санына қарап таңдау керектігі аз айтылып жүрген жоқ. Десе де, ата-ана қалауы, орта әсерінен шыға алмай қалатын түлектер гранттан қағылып, жеке оқудың соңына кетеді. Мәселен, өткен жы­лы грант үшін таласта педиатрия саласына 1 орынға 392 адам, стоматология маманына 170 адам таласқан. Кеден ісіне 207 адам бәсекеге түскен. Қайта керісінше, шетел филологиясына, теолог мамандарының гранттары бос қалады екен. Геодезия мамандығын көздеген де төмен ұпаймен грант алып кетуі мүмкіндігі жоғары. Демек, әрбір түлек мамандықты зерттеп, нарыққа сараптама жүр­гізе отырып таңдауы тиіс. Себебі бү­гінгі нарық «престиж» мамандықтарын керек етпей отыр. Бұл бауыр еті баласы үшін барын беретін ата-анаға, бағыт-бағдар беретін мұғалім­дерді ойландыру керек.

Қысқасы, грант алудың жолдарын зерттеуде www.testcenter.kz сайтына кіріп, мамандықтар класификациясын шолып шыққан дұрыс. Ал, бастысы, грант алуға құжат тапсырудың мерзімін қайта-қайта қараған абзал. Әсіресе, шығармашылық бағытты таңдайтын жастар үшін емтиханның ерте басталатынын қаперге ұстау маңызды. Қалай десек те, мемлекеттен бөлінген грантты алуда сан қуып, престиж іздеуді емес, нарықты зерттеп, грант саны мен университетті дұрыс таңдаса болғаны.

Мақсат - түлектердің таңдауына жәрдем ету. Ақпараттың жылдам дамыған уақытында министрліктің сайтына кіріп, мамандықтар бөлі­ні­сін қарау, университеттердің әлеуе­тін зерттеу, шетелдік оқу орындарының тегін алудың жолдарын іздес­тіру тек түлектердің ғана емес, бағыт беретін мұғалім мен көзі ашық ата-анаға тікелей қатысты.

P.S. Өткен жылы жастарға бағыт сілтер mamanbol.kz сайтының іске қосылған-ды. Нарыққа қажет мамандықтардың түрлері мен ерекшеліктері топтастырылған сайт бүгінде істен шыққан. Ғұмыры бір жылға әрең жеткен, бірақ ата-ана мен түлек үшін қажет сайттың жабылып қалуына не себеп екенін біле алмадық. Міне, осыған-ақ қарап Қазақстанда мамандыққа қатысты проблема әлі де өзекті екенін аңғару қиын емес.

Абай Тағыберген
«Азаматтық журналистер» жобасы

Похожие материалы