Алматы. 2 мамыр. 7kun.kz – Мемлекет басшысы Қазақстан үкіметіне Алматы облысының әкімдігімен бірге «Алакөл» курорттық аймағының инфрақұрылымын жетілдіру бойынша кешенді шараларды әзірлеуді тапсырды. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңір жұртшылығымен кездесуінде белгілі болды, - деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
«Тағы бір маңызды мәселе – Жетісудың туристік индустриясын дамыту. Өңір еліміз үшін туризм орталығы ретінде кеңінен танылды. Бұл жерде туристерді тартатын негізгі орын – емдік қасиетімен аты шыққан Алакөл көлі. Өткен жылы ғана 2 миллион адам демалып, туристер саны 20%-ға өскен. Алайда қызмет көрсету сапасы, көліктік, қонақ үй инфрақұрылымы сын көтермейді. Үкіметке әкімдікпен бірлесіп, шипажай аймағының инфрақұрылымын жақсарту үшін кешенді шаралар қабылдауды тапсырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Жетісу жерінің тарихи тамыры терең екенін атап өтіп, облыстың қайта жаңғырған Ұлы Жібек жолының бойында орналасуы өңірді дамыту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтты.
«Бүгінде Жетісу аймағы жоғары қарқынмен дамып келеді және ауыл шаруашылығы өндірісі көлемі жөнінен көш басында. Өңірдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі еліміздегі ең жоғары – 86 пайыз. Алматы облысы адам капиталы жөнінен Қазақстан бойынша алдыңғы қатарда. Олар – еліміздің дамуына өз үлесін қосып жатқан өздеріңіз сияқты жас мамандар, кәсіпкерлер, ақын-жазушылар мен еңбек ұжымдарының өкілдері», – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, Президент жедел шешім қабылдауды қажет ететін мәселелерге назар аударды.
«Басқа өңірлердегі сияқты Алматы облысында бұрынғыша ауызсумен қамтамасыз ету проблемасы бар. Әкімдік елді мекендердің перспективті дамуын есепке алып, сумен қамту жүйесінің құрылысы мен қайта жөндеу жөнінде кесте жасап, жұмыстарды жүргізуі қажет», – деді Мемлекет басшысы.