Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Президент Б.Байбекті қабылдады

Президент Б.Байбекті қабылдады

Астана. 24 қараша. 7kun.kz - Бүгін Елбасы Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекті қабылдады. Бұл туралы ҚР Президентінің ресми сайты хабарлады. 

Мемлекет басшысы Президенттің Алматыдағы резиденциясында өткен кездесу барысында экономикалық, қаржылық, мәдени және білім орталығы ретінде бүгінде Алматының ел дамуында зор маңызы бар екенін айта келіп, қалада мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың маңыздылығын айтты.

"Алматы – үлкен қала, оны басқару күрделі міндет жүктейді және бұл осында болып жатқан үдерістерді терең талдауды қажет етеді. Инвестиция тарту, мемлекет-жекеменшік серіктестігін дамыту осы кезеңде жұмыстың негізгі бағыттарының бірі болуға тиіс", – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ көші-қон ауқымы өсуін ескере отырып, қаладағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету ісіне айрықша көңіл бөлуді тапсырды.

"Қалада өзге өңірлерден келген 500 мыңға жуық мигрант бар, оларды есепке алу дұрыс жүргізілмейді. Осыны ретке келтіру керек, өйткені ертең осының бәрі қалада проблема туындатуы мүмкін. Сондықтан республикалық және облыстық органдармен бірлесіп, әкімдік осы мәселемен айналысқаны, өзара ұдайы байланыста болғаны жөн", – деді Мемлекет басшысы.

Б.Байбек қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері, инвестициялық және инфрақұрылымдық бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы туралы баяндады.

"Біз келесі жылы мемлекеттік инвестицияны 70 миллиард теңгеге дейін азайту арқылы экономиканы қайта құрылымдауды жоспарлап отырмыз. Жеке бизнестің жұмысын 75 миллиард теңгеге жандандыру қарастырылуда. Бүгіннің өзінде 14 балабақшаның, 3 мектептің, бір емхананың құрылысына байланысты меморандумдарға қол қойылды", – деді Алматы әкімі.

Әкім сондай-ақ өнеркәсіпті дамыту, қаланың 2017 жылғы Универсиадаға дайындығы мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды.

"Индустрияландыру бағдарламасы бойынша 39 жоба іске асырылуда. Алатау ауданындағы индустриялық паркте біз 320 миллиард теңге болатын 41 жобаны мақұлдадық, келесі жылға 60 миллиард инвестиция жоспарланып отыр. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің құрылысындағы қазақстандық қамту үлесін қамтамасыз ету аясында Алматы компанияларының 10 миллиард теңге көлеміндегі қаражатпен қатысатыны туралы меморандумға қол қойылды. Ал 2017 жылғы Универсиада нысандары бойынша қазақстандық үлес 57 пайызға жетті. Таяуда 17 миллиард теңгенің операциялық бюджетіне қол қойылды", – деді Б.Байбек.

Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

Похожие материалы