Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Президент кімге ұрысты?

Президент кімге ұрысты?

Бүгін президенттің қатысуымен үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Президент Назарбаев бірқатар министр мен әкімдердің жұмысын сынап, кейбіріне соңғы рет ескерту жасап отырғанын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан үкімет отырысын премьер-министр Бақытжан Сағынтаев ашып берді. Ол президенттің жуырда жариялаған жолдауы бойынша қажетті жұмыстар мен шараларды орындауға кіріскенін, осыған байланысты үкіметтің арнайы отырысын өткізіп, экономиканың дамуы үшін жаңа жоспарлар құрғанын жеткізді.

Алғашқы боп баяндама жасаған ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, өз болжамдары бойынша, жыл соңына дейін экономика деңгейі 2 пайызға өсуі керек екенін мәлімдеді. Президент жуырда тағайындалған министрдің баяндамасына оң бағасын берді. Экономика министрлігінің мемлекет пен үкімет үшін тың жоспарлар мен ұсыныстар дайындайтын штаб екенін айтып, жас министрдің білім мен тәжірибесін оған жеткілікті деп ойлайтынын жеткізді.

Бірақ баяндама барысында президент Назарбаев кеңейтілген жиынға қатысып отырған әкімдер мен министрлердің жұмысына қатысты біраз сын айтты. Алдымен облыс әкімдерінің кейбірі әлеуметтік мәселелерді шешу мақсатында жеке инвестицияларды дұрыс іздемейтінін айтты. Сосын кей облыстарда балабақша салынса, қалған облыстарда ешқандай жұмыс істелмей жатыр деп сынады. Президент әкімдердің көрші облысқа барып, онда не болып жатқанын көріп қайтуға ерінетінін, «олар тек мемлекеттік инвестицияға сүйеніп, ештеңе істемейді» деп айыптады.

Сосын 2016 жылы 36 миллиард теңгенің игерілмей қалғанын айтқан қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа бюджетті үлестірген кезде ақшаны толықтай игермейтіндерге берілетін қаражатты қысқартуды тапсырды. Президент министрді «ақшаны оңды-солды таратып жатырсың» деп айыптап, оған мемлекеттің ақшасы - қазына тапсырылғанын, қаржы министрінің мемлекет ақшасын қорғайтын адам екенін еске салды.

«Барлығымыз мемлекеттік қызметкерміз. Мемлекетке, халыққа қызмет көрсетуміз керек. Неге мен мұнымен жалғыз өзім айналысуым керек? Мемлекеттің әр тиынын үнемдеп жұмсау керек. Бірақ қаржы министрі оған әлі үйренген жоқ, - деді Назарбаев Бақыт Сұлтановқа қарап, - саған ақшаны үнемдеп тиімді жұмса деп бір айттым, мынау – екіншісі, келесі ескертулерім мұндай жұмсақ болмайды».  

Кейіннен президент жиынға келген ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышевті ел экономикасы қиын кезеңге тап болғанда өте жақсы жұмыс істегені үшін мақтап, оның жұмысын құптайтынын мәлімдеді. Тек мақтап қана қоймай, ұлттық банктің жұмысына араласқандарды мемлекеттің қаржы жүйесіне бас сұққандар деп танып жазалауды тапсырды. Соңғы уақытта банктердің бірігу үрдісін қолдайтынын, қазақстандық банктердің әлсіз екенін айтты.

Президент Ақышевқа «Банкті сақтаудың басқа амалы жоқ. Олар экономикаға керек емес, демек жұмыс істеуіне де қақы жоқ. Дұрыс қой? Міне, ешкімнен қорықпа! Жұмысыңды еркін істей бер! Бәрі заң бойынша, орнымен. Біреу араласса, маған фамилиясын айт», — деді.

Бірақ кейін баяндама жасаған инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің жұмысына президент оң бағасын берген жоқ. Назарбаев Қазақстанға шетелдік инвестиция тарту жұмысының сапасы мен қарқына риза емес екенін айтты. Оның пайымдауынша, көп инвестор елге келгеннен кейін көңілі қалады – инфрақұрылым жоқ, не өзіне жауапкершілік алатын, я не істеу керек екенін айтып беретін адам жоқ. «Осылайша, шетелдік инвестицияны тарту жұмыстары кері кетіп жатыр» деп қорытындылады президент.

Бұдан соң ол инвестициялар мен даму министрі Әсет Исекешов болып тұрған кездегі атқарылған жұмыстардың олқылығын сөз етіп, «бұған дейін 150 миллиард теңге жұмсалған 72 жоба толыққанды жұмыс істеп жатқан жоқ я мүлдем тоқтап тұр. Сондықтан, Жеңіс, мұндай кемшіліктердің айыбын Исекешовке арта сал», - деп кеңес берді.

Қызметіне қатысты сөз естігендердің қатарында әкімдер мен министрлер ғана емес, қор басшылары да бар. Назарбаев «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Өмірзақ Шөкеевтен жекешелендірудің үшінші кезеңінде шетелдіктердің қызығуышылығы неге аз екенін сұрап, жекешелендіруге қатысып жатқан нысандардың бірде-біріне шетелдіктердің қызығушылығы жоқ екенін айтты.

«Барлық инвесторлар өзіміздікі. Әрине, баға төмен, біраз ақша салып сатып алуға болады. Ал нысанды сатып алған адам өндіріс орнында не істейді? Біз оны білмейміз. Жекешелендіруде бірде-бір трансұлттық компания, не шетелдік инвестор жоқ.  Неге? Енді оларды қайтадан өзіміз сатып аламыз ба, Өмірзақ?», – деді президент Шөкеевке.

«Келуі мүмкін дейтін ешкім жоқ. Жекешелендіруге қойылған өндіріс орындарының ең көп үлесі саған тиесілі. Отыр, біз мұны қазір талқыламаймыз», — деп президент сөзін тез қайырды.

Сосын Назарбаев жемқорлықпен ұсталған кей басшыларды сынға алып, оны мемлекеттiк мүдде мен көрсетiлген сенiмге жасаған сатқындық деп бағалады. Өткен жылы сыбайлас жемқорлық бабы бойынша жауапкершiлiкке тартылғандардың санын сұраған президентке жемқорлыққа қарсы күрес ведомствосының басшысы Қайрат Қожамжаров «2900 лауазымды тұлға» деп жауап берді. «Оларды «Болашақпен» оқуға жiберiп, тәрбиелеп, барлық қызмет сатысымен өсiрiп, алып келесiң, ал олар түрмеге түседi. Өте өкiнiштi», - деп қынжылды президент.

Айта кетейік, 2016 жылы есеп комитетi 160 млрд теңгеге қаржылық заң бұзушылықтарды анықтап, 47 лауазымды тұлға - әкiмшiлiк, 223 тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылған.

Похожие материалы