Экономика
Президент Отан қорғаушы күніне арналған әскери парадқа қатысты
Алматы. 7 мамыр. 7kun.kz - Мемлекет басшысы «Отар» 40-шы әскери базасына келгеннен кейін оған парад қолбасшысы – Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Мұрат Бектанов әскери парадты өткізуге және аумақтық әскерлер құрамаларына жауынгерлік туларды тапсыру рәсіміне дайын екендігі жөнінде баяндады.
Қазақстан президенті ардагерлерге, сарбаздар мен офицерлерге арналған сөзінде Қарулы Күштер қауіпсіздігіміздің басты кепілі, Отанымыздың бейбіт өмірі мен егемендігіміздің берік тірегі болып саналатынын атап өтті.
– Қазақстанның әскери қызметшілері – барлық дәуірдің тарихындағы ең сұрапыл соғыста фашизмді жеңген батыр бабаларымыздың жауынгерлік ерліктері мен даңқын жалғастыратын лайықты ұрпақ. Біз олардың туған жеріміздің өркендеуі мен бейбіт өмірімізді сақтау үшін көрсеткен көзсіз батырлығы мен өшпес ерлігін әрдайым жадымызда сақтаймыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы еліміздің дәйекті әрі бейбітсүйгіш саясат жүргізіп отырғанын атап өтті. Бұл орайда Қазақстан әскері тәуелсіздігімізді күзетіп, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы аясында ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге табысты атсалысып жатыр, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы шеңберінде маңызды бітімгершілік функцияларды лайықты атқарып келеді.
Президент мемлекет тарапынан армиямызға мейлінше қолдау көрсетіліп, оның әлеуетін нығайтуға зор мән берілетінін, Қазақстан 2030 жылға қарай заманауи, мобильді әрі жоғары кәсіби армия жасақтау жөнінде мақсат қойып отырғанын атап өтті.
– Бұл үшін 2020 жылдан бастап қорғаныс саласына қажетті қаражат бөлінетін болады. Қауіпсіздікке төнетін жаңа сын-қатерлерге орай тиімді әрекет ету үшін Арнайы операциялардың жоғары мобильді күштері мен Аумақтық әскерлер құрылып, қорғаныс жүйесіне біріктірілді. Жаңа бөлімдер бүгін табыс етілген жауынгерлік туларды лайықты алып жүретініне сенімдімін, – деді Қазақстан президенті.