Экономика
Президент Сауат Мыңбаевтан бензин бағасының өсу себебін түсіндіруді сұрады
Н.Назарбаев үкіметтің кеңейтілген отырысында «Қазмұнайгаз» басшысы Сауат Мыңбаевтан бензин бағасының өсу себебін сұрады.
«Қарапайым адамдарға неге бұлай екенін түсіндірші. Мұнай бағасы үш есе түсті, ал жанармай бекеттерінде бензин бағасы өсіп барады. Қарапайым шаруаға қарапайым тілмен түсіндірші» деді Президент. Сауат Мыңбаев мұны Ресей мен Белорусия шекарасының ашықтығымен түсіндірді. Оның айтуынша, бұл елдерде бензин қымбаттау, сондықтан Қазақстан олармен бағаны теңестіруге мәжбүр.
«Бізде Ресей мен Белорусиямен айырмашылық болуы мүмкін емес. Оларда қандай баға болса, бізде сондай, тек кей жерде 5-7 пайызға айырмашылық болуы мүмкін. Біз бұған дейін бағаны ұстап келдік, кейде Ресейден 40 пайызға төмен болды. Нәтижесінде солтүстік облыстардың барлығы бензинді Ресейге таси бастады», -деді Мыңбаев.
Ол сондай-ақ бензин бағасы аз ғана өсті деп есептейді. «Біз бағаны аз ғана көтердік. Қазір 135, бұған дейін 110 болған»,-деді ол.
Назарбаев Премьер-министрдің орынбасары Бақытжан Сағынтаевқа бұл мәселені Евразиялық одақ комиссиясының отырысында талқылауды ұсынды. Ал Сағынтаевтың айтуынша еліміздегі мұнай өңдеу зауыттары күрделі жөндеуден өткен соң, Қазақстан ішкі сұранысын өтеп қана қоймай, көрші елдерге де сата алады.
«Бізде миллион тонна бензин дефицит. Көрші елдерде бағаның қымбат болғандықтан біз де көтеруге мәжбүр болдық. Қажетті бензинді өзіміз өндіре бастаған кезде оларға тәуелді болмаймыз. Мұнай өңдеушілер күрделі жөндеу 2017 жылы аяқталады деп отыр. Сол кезде біздегі тапшылық жойылып, нарықты қамтамасыз ете аламыз»,-деді Сағынтаев.
Еске салайық, қыркүйек айында үкімет бензин бағасын реттеуден бас тартқан еді.
Фото: kmgazs.kz