Атырау. 31 қазан. 7kun.kz – Бүгін Атырауда Бақытгүл Хаменованың ісі бойынша кезекті сот отырысы өтті, деп хабарлайды 7kun.kz.
Мемлекеттік айыптаушы Лаура Асанова Бақытгүл Хаменова мен Ақылбек Рысқалиевті 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сонымен қатар прокурор мүлкі тәркілеп, мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салу қажет деп санайтынын айтты.
«Жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеуге тиіс. Сондай-ақ Хаменоаны «Құрмет» орденінен айыру қажет. Жазаны тағайындағанда бұған дейін қамауда өткізген 1 күнді 1,5 күнмен есептеуді, ал кәмелетке толмаған баласы болғаннан кейін жазаны үш жылға шегеруді сұраймын», – деді Асанова.
Айта кетейік, 2021 жылғы желтоқсанда Абай ескерткішін орнатуға мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін 4,5 миллион теңге пара алды деген күдікпен Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев ұсталған болатын.
Алғашында ол уақытша ұстау изоляторына қамалды, кейін Атырау тергеу соты үйқамаққа алуға санкция берді. Бірақ кейіннен облыстық прокуратураның ұсынысы бойынша бұлтартпау шарасы қатаңдатылды.