Қайрат Сатыбалдыұлына тиеселі Alatau Capital Invest компаниясы мен AllurGroup Ұлттық қазақстандық автомобиль кластерін дамыту аясында инвестиция тарту және стратегиялық серіктестік туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы 7kun.kz тілшісі хабарлайды.
Меморандум аясында автокластерді және Қазақстан үшін басым басқа да салаларды дамытудағы перспективалар мен жалпы аймақтық өнімді арттыру, қосымша шетел инвестицияларын тарту, жаңа жұмыс орындарын құру, сондай-ақ аймақта өнеркәсіпті дамытуға жағдай жасау күтіліп отыр.
«Біз ең ірі қазақстандық инновациялық компаниялардың бірі – AllurGroup-қа инвестиция тарту үшін Меморандумға қол қойдық. Қостанайдың индустриялық аймағының аясында жергілікті автокөлік өндірісін ары қарай арттыру үшін бірлесіп жұмыс істейміз. Бұл – толық орындалатын міндет. Мысалы, SsangYong Nomad маркалы автомобильдердің отандық бөліктері бүгіннің өзінде шамамен 40%-ға жетті, коммерциялық модельдерде бұл деңгей 50%-ға жетеді. Біздің Қазақстанда өндірілетін қосалқы бөлшектердің санын арттырмақпыз, демек, біздің елімізде шығарылатын автомобильдердің қазақстандық бөлігін арттырсақ дейміз», – деді Alatau Invest Capital-дың басқарушы серіктесі Қайрат Сатыбалдыұлы.
AllurGroup Директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьевтің айтуынша, бұрын автоөндіріс саласының өнеркәсіптік қуатына негізінен шетелдік компаниялар сенетін. "Alatau Invest Capital –қазақстандық автомобиль өндірісне инвестиция салуға қызығушылық танытқан алғашқы ірі, қуатты компания",- деді ол.
Меморандумға сәйкес инвестицияны жолаушылар автомобильдері, жеңіл коммерциялық жүк машиналары, ауыр жүк машиналары, автобустар өндірісі; ұлттық қазақстандық автомобиль брендін құру; Қостанай облысында жалпы ауданы 400 га индустриялық аймақ құру және дамыту;ғылыми-зерттеу және конструкторлық база құру бағытына тарту жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, автомобиль өндірісі үшін кадрларды дайындау және біліктілігін арттыру, жаңа алдыңғы қатарлы автомобиль жасау технологияларының трансферті кіреді.
Ынтымақтастықтың бірінші кезеңінде қытайлық China National Machinery IMP.&EXP инвестициялық компаниясы және AIC (Alatau Invest Capital) қаржыландыруымен (1 доллар үшін 341,51 теңге бағамы бойынша) JAC және Peugeot жеңіл автомобильдерінің CKD*-жобасы, Коммерциялық техника мен автобустардың CKD-жобасы іске асырылады.
Alatau Invest Capital инвестиция тарту компаниясы 2016 жылғы наурызда тартылған қор капиталы қазіргі таңда $3,7 млрд құрайтын Бэринг Восток халықаралық компаниясымен бірлесіп инвестиция тарту туралы меморандумға қол қойды. Қайрат Сатыбалдыұлы Бэринг Востокпен, Вячеслав Киммен және Михаил Ломтадземен бірге «Kaspi» АҚ холдингінің акционері болып табылады.