Қайрат Сатыбалдыұлы мен Бэринг Восток серіктестік туралы меморандумға қол қойды
29 ақпан күні Alatau Capital Invest компаниясының басқарушы серіктесі Қайрат Сатыбалдыұлы мен Baring Vostok халықаралық инвестицялық компаниясының басқарушы серіктесі Майкл Калви Алматыда серіктестік туралы меморандумға қол қойды.
Меморандумға сәйкес екі серіктес Қазақстанға инвестиция тартумен айналысады. «Қазақстан біз үшін инвестицияға тартымды маңызды аймақ болып саналады, -дейді Майкл Калви.-Қайрат Сатыбалдыұлымен бірге біз Kaspi Bank-тің инвесторы болып табыламыз. Меморандумға қол қою арқылы біз Қазақстандағы инвестиция бойынша ұзақ мерзімді жоспарымыздың бар екендігін көрсетіп отырмыз».
Қайрат Сатыбалдыұлы Baring Vostok халықаралық табысты компанияның бірі екенін атап өтті. "Мен Baring Vostok-тың бай тәжірибесінің арқасында Қазақстанға инвестиция тарту бойынша бірлескен мүмкіндіктерімізді одан әрі ұлғайтамыз деп сенемін. Бірінші санатты халықаралық инвесторлардың Қазақстан экономикасына инвестициялауға қызығушылығының барлығына қуаныштымын», - деді ол.
Серіктестік аясында ақпараттық технологиялар, қаржы және тұтынушылық секторға бірлескен инвестициялар тарту көзделген.
Айта кетейік, Қайрат Сатыбалдыұлы Alatau Capital Invest инвестицялық компаниясын құрған. Компанияның жұмысындағы бірінші қадам Baring Vostok-пен келісім жасаудан басталып отыр. Сондай-ақ, ол Baring Vostok, Вячеслав Ким, Михаил Ломтадземен бірге «Kaspi» АҚ холдингінің акционері. 2015 жылдың соңына дейін «Нұр Отан» партиясының хатшысы қызметін атқарып келген.
Ал Майкл Калви - Baring Vostok инвестициялық компаниясының басқарушы серіктесі. АҚШ, Батыс Еуропа, Азияның университеттік және зейнетақы қорлары аталған компанияның ұзақ мерзімді инвесторлары болып табылады. Қазіргі кезде қордың сырттан тартылған капиталы - $3,7 млрд.