Алматы. 20 шілде. 7kun.kz – Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған Қайрат Құдайберген Алматы мәслихатындағы депутаттық мандатынан айырылды, деп хабарлайды 7kun.kz.
«Ротация мандаттарды қайта бөлу және берілген өтініштерге сәйкес Әділхановты, Ибрагимованы, Талбидиновты, Сәрсенбайды, Жүдебаевты, Зулеевті, Бөлекбаеваны, Құрманбекті партиялық резервке қосу есебінен жүргізілді. Сондай-ақ партиялар өз құрамынан келесі мүшелерді шығарды: Қ.Қ. Құдайберген Amanat партиясынан, А.Б. Абылқасымова Қазақстан Халық партиясынан және А.Т. Шапенов Қазақстан Халық партиясынан (өз қалауымен)», - деп хабарлады Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Құдайберген 2018 жылдың наурыз айынан бастап қалалық мәслихаттың депутаты болған еді.
Айта кетейік, Қайрат Құдайберген 22 сәуірде Алматыдағы қаңтар оқиғасына қатысты, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген күдікпен уақытша ұстау изоляторына қамалған. Бас прокуратураның мәліметінше, Қайрат Құдайберген Дикий Арманмен бірге "Қазақстан" қонақ үйіне адамдарды жинап, оларды Жұмагелдиевтің айналасына топтасуға, оны қолдауға және билікке бірдей талаптар қоюға шақырған.