Алматы. 11 қаңтар. 7kun.kz – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова несиесін төлей алмай жүрген қазақстандықтар туралы айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.
Оның айтуынша, 2022 жылдың 11 айында банктердің жеке тұлғаларға берген несиелері 29,4%-ке, 13,9 трлн теңгеге дейін ұлғайған.
«Соның ішінде тұтынушылық несиелердің көлемі 24,1%-ке немесе 7,6 трлн теңгеге дейін өсті. Қарыз алушылардың жалпы саны 6 млн 868 мың адамды құрап отыр. 90 күннен астам мерзімі өткен несиелердің үлесі – 5,6% немесе 461 млрд теңге. Ал қарызын төлей алмай жүргендер саны жыл басынан бері 121 мың адамға ұлғайып, 536 мың адамды құрады», – деді Әбілқасымова үкімет отырысында.
Сондай-ақ 11 айда микрокредиттердің көлемі 42,7%-ке, 979 млрд теңгеге дейін өскені атап өтілді. Қарыз алушылардың жалпы саны – 1 млн 528 мың адам.
Оның айтуынша, 90 күннен астам мерзімі өткен микрокредиттердің үлесі 8% немесе 76 млрд теңгені құрады. 257 мың қазақстандық микрокредитін төлей алмай жүр.