Нұр-Сұлтан. 1 тамыз. 7kun.kz – Тәртіп сақшылары 1936 қару тәркілегенін, қазір сол қарулардың қаңтар оқиғасына қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ІІМ тергеу департаменті бастығының орынбасары Мұхтар Қожаев айтты.
«Алматы, Талдықорған және Тараз қалаларындағы жаппай тәртіпсіздіктер барысында қызметтік және азаматтық қарулар ұрланғаны баршамызға белгілі. Бұл халықтың денсаулығы мен өміріне шынайы қауіп төндірді. Бүгінгі таңда 860 қару тәркіленді, оның ішіде 475 табельдік және 379 азаматтық қару бар. Қазір ұрланған қарудың 2089 бірлігі анықталмады», – деді ол.
Оның айтуынша, оның ішінде қару-жарақ дүкендерінен ұрланған 1282 азаматтық қару, 648 табельдік атыс қаруы және 159 жарақат салатын газ және сигналды тапаншалар бар. Оларды анықтау бойынша жұмыстар әлі жүргізілуде.
Сондай-ақ мақсатты түрде жүргізілген жедел профилактикалық шаралардың нәтижесінде полиция қосымша 1936 қаруды тәркіледі. Олардың көбінің тіркеу нөмірлері қасақана өшірілген. Сондықтан қазір олардың қаңтар оқиғасы кезінде қолданылған-қолданылмағаны анықталуда.