Алматы. 2 қазан. 7kun.kz – Жыл соңына дейін қарағандылықтар «7-20-25» бағдарламасы бойынша 326 пәтер сатып ала алады. Бұл туралы Қарағанды әкімі Нұрлан Әубәкіров мәлім етті, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.
«Жалпы жыл соңына дейін біз бағдарлама бойынша 326 пәтер сатуды жоспарлап отырмыз, негізгі көлем – қарашада. Ақпаратты біз банктерге алдын ала беріп отырамыз, олар клиенттермен жұмыс жасай берулері үшін. Банктерде қазір өтінім рәсімдеуге ниет білдірушілер көп. Рәсімдеудің өзіне екі апта уақыт жұмсалатындықтан, адамдар несие алуға үлгереді, оның ішінде қарашада дайын болатын пәтерлерге де», - деді Н.Әубәкіров.
Алдағы уақытта қалада «7-20-25» бағдарламасы бойынша сатылатын пәтерлері бар үйлердің суреттері көрсетілген билбордтар пайда болады. Әлеуетті несие алушыларға арналып Instagram әлеуметтік желісінде парақша ашылған, онда мамандар бағдарлама шарттары және салынып жатқан үйлер туралы сауалдарға жауап береді.