Алматы. 17 ақпан. 7kun.kz – Қарағанды облысында пара алды деген күдікпен аудан әкімінің орынбасары, сондай-ақ сол әкімдіктің бөлім басшысы ұсталды. Бұл туралы Қарағанды облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев журналистермен брифинг барысында айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.
Әлихан Бөкейхан атындағы аудан әкімінің орынбасарымен қоса, бөлім басшысы да ұсталған. Шенеуніктер кәсіпкерден 500 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілігіп отыр.
«Екіншісі делдал болған. Олар өз міндеттеріне кіретін жұмысты тікелей орындағаны үшін кәсіпкерден 500 мың теңге алған. Қазір бұл мәселе бойынша қылмыстық іс тергеуде. Ол әлі аяқталған жоқ. ҚР ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің егжей-тегжейлі ақпаратын таратуға құқығымыз жоқ», – деді Мұрат Төлеубаев.
Қазіргі уақытта іс сотта.