Алматы. 12 мамыр. 7kun.kz – ҚазҰУ магистранттары университет басшылығы оларға шетелде 15 күндік ғылыми тәжірибеден өтуге мүмкіндік бермей отырғанын айтып, Асхат Аймағамбетовке хат жазды, деп хабарлайды 7kun.kz.
«ҚазҰУ-дың жыры бітпеді» деген Facebook желісінің қолданушысы Баян Хасанова ҚазҰУ қаншама адамды оқуға алдап түсіргендігін айтады.
«Біз құжат тапсырған уақытта, сендер қосдипломдық бағдарламаға ендіңіздер. Магистратураның бір семестрін Түркияның Стамбул Университетінде оқисыңдар, екі университеттен де диплом аласыңдар деген болатын. Бірақ кейін оның да жәй әңгіме және әлі шешілмеген мәселе екенін естіп "жағамызды ұстадық". Қысқасы, қаншама адамды оқуға алдап түсірген болып шықты», – деп жазды ол.
Ары қарай ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке жазған хатын жариялады. Онда хат Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранттарынан екендігі көрсетілген.
«Біз 2021 жылдың желтоқсан айында өткен байқау нәтижесінде қосымша мемлекеттік грантты ұтып алып, магистратурада оқып жатырмыз. Магистратура бағдарламасы бойынша біздің шетелдің алдыңғы қатарлы университетерінің бірінен 15 күндік ғылыми тәжірибеден өтуге қақымыз бар. Сол себепті 30 мамыр мен 14 шілде аралығында Түркия еліне, Стамбул қаласындағы Стамбул университетіне ғылыми тәжірибеден өтуге өтініш білдірдік. 22 сәуір Стамбул университетінен 13 магистрантқа шақыру келді. Осы мәселемен университетегі (деканаттағы) басшылыққа құжаттарымызды өткізу үшін бірнеше мәрте бардық. Бір айдан бері біраз есікті қақтық. Деканға, деканның орынбасарына, есеп бөліміне кірдік. Бірақ басшылық сіздерге қаражат қарастырылмаған, университетте қаражат тапшы деген жауаппен өтінішімізге қол қоюдан бас тартып отыр. Білуімізше, магистранттар мен докторанттардың шетелдерде ғылыми тәжірибеден өтуіне қаражат Білім және Ғылым министрлігі тарапынан бөлінеді. Сонымен қатар университет басшылығы құжаттарымызға не себепті қол қоюдан бас тартып отырғанына құжат жүзінде НЕГІЗ (основание) ұсына алмай отыр. Университет басшылығының берген жауабына қанағаттанбағандықтан, сіздерге хат жазуға мәжбүрміз», – делінген министр атына жазылған хатта.
Ал ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі бұл мақсатта магистранттар үшін қаражат қарастырылмаған айтты. Олардың айтуынша, қаражат тек унверситет докторанттарына ғана бөлінеді.