Алматы. 28 қаңтар. 7kun.kz — ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын жаңартып, осы жылғы 1 шілдеге дейін жаңа редакцияда қабылдайды. Бұл туралы агенттік басшысы Мадина Әбілқасымова мәлімдеді.
Оның айтуынша, агенттік қызметінің бір бағыты - кепілсіз тұтынушылық кредиттеудің қарқынды өсуіне жол бермеу.
«Мемлекет басшысы бүкіл қаржы секторын кешенді дамыту бойынша қойған жаңа міндеттерді ескере отырып, Агенттік Қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын жаңартып, ағымдағы жылғы 1 шілдеге дейін жаңа редакцияда қабылдайды», - деді ол Үкіметтің отырысында.
Сондай-ақ, Әбілқасымова 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап тұтынушылық кредит беруде тәуекелдерді шектеу бойынша заңнама нормалары қолданысқа енгізілгенін еске салды.
«Агенттік тұтынушылық кредит берудің қарқынды өсуін шектеу үшін қабылданған реттеуші шаралардың тиімділігіне мониторингті жалғастырады... 2020 жылғы бірінші жартыжылдықта халықтың борыш жүктемесінің шамадан тыс өсуіне жол бермеу үшін қосымша реттеуші шаралар қабылдайды", - деді ол.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасыныңхабарлауынша, қаржы қоғамдастығымен бірлесіп инвестициялаудың және капитал тартудың қосымша мүмкіндіктерін жасау үшін қаржы секторын дамыту бойынша кешенді шаралар әзірленеді.
«Сақтандыру және бағалы қағаздар нарығы мәселелері бойынша жаңа қаржы құралдарын реттеу мен әзірлеуді жетілдіру бөлігінде қажетті заңнамалық өзгерістер дайындалады. Тиісті заң жобасын Үкіметке осы жылдың соңына дейін енгізу жоспарланып отыр», - деді М. Әбілқасымова.