Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Қасым-Жомарт Тоқаев РФ Президентімен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев РФ Президентімен кездесті

Алматы. 4 сәуір. 7kun.kz – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 3 сәуірде Ресейге ресми сапармен барып, РФ Президенті Владимир Путинмен кездесті, деп хабарлайды Ақорда.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті лауазымына кірісуіне байланысты құттықтағаны және жылы лебіз білдіргені үшін Владимир Путинге ризашылық білдіріп, өзінің алғашқы шетелдік сапарының Ресей Федерациясына жасалуының символдық мәнін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресейдің қазіргі ықпалдастығы көпшілікке үлгі екенін сөзге тиек етті.

«Мемлекет басшысы ретінде мен Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев саясатының сабақтастығын қамтамасыз етіп, Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты ынтымақтастықты жан-жақты әрі белсенді дамыту ісін жалғастыра беремін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті екі елдің экономикалық ынтымақтастығына, әсіресе энергетика, көлік, транзит, өнеркәсіп және ғарыш салалары мәселелеріне арнайы тоқталды.

«Ресей Қазақстанның сыртқы саудасындағы «нөмірі бірінші» әріптесі болып қала береді. Қазақстанның сауда айналымындағы оның меншікті үлесі 19 пайыз. Инвестициялық ынтымақтастық қарқынды дамуда. Елімізде Ресей капиталы қатысатын 9 мыңнан астам кәсіпорын өз жұмыстарын табысты атқаруда», – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Владимир Путин екі ел арасындағы байланыстардың жоғары деңгейде екенін атап өтті.

«Сіз қарым-қатынасымыздың деңгейін білесіз және өзіңіз де бұған көп үлес қостыңыз. Әрине, бұл – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы еңбегі. Біздің жай әріптес қана емес, халықаралық ұйымдар аясында да, екіжақты байланыстар бойынша да жақын одақтас екеніміз сөзсіз. Қарым-қатынасымыз өте тиімді дамуда. Нақты әрі айқын нәтижелерге қол жеткізіп келеміз. Бұл халықтарымыздың тыныс-тіршілігінен көрініс тауып отыр. Сіздің бүгінгі сапарыңыз кең ауқымдағы екіжақты одақтастық байланыстарымызды нығайтуға септігін тигізетініне сенімдімін», – деді Владимир Путин.

Кездесуде мемлекеттер басшылары мәдени-гуманитарлық саладағы мемлекетаралық өзара ықпалдастық мәселелерін талқылады, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар бойынша пікір алмасты.

Похожие материалы