Алматы. 1 сәуір. 7kun.kz – Қырғызстан мен Қазақстан шекарасындағы екі бақылау-өткізу бекетінде тексеру ережелерін күшейтуге байланысты 300-ден астам жүк және жеңіл автокөлік жиналып қалды, - деп хабарлайды Қырғызстанның мемлекеттік шекара қызметінің баспасөз қызметі.
«2019 жылғы 1 сәуірдегі таңертеңгі жағдай бойынша «Ақ-тілек автожолының» бақылау бекетінде 223 ауыр жүк көлігінің, «Чон-Капка» бақылау-өткізу бекетінде 60-70 жеңіл және 25-30 жүк көлігінің кезегі тіркелді», - деді агенттік өкілі.
Оның айтуынша, 31 наурыз күні сағат 20:00-ден бастап 08:00-ге дейін 1 сәуір күні «Ақ-Тілек автожолы» өткізу пунктін 158 жүк көлігі кесіп өтті, оның ішінде 84-і жүк тиелген және 74 бос автокөлік.
«Бұл жағдайдың себебі - қазақстандық тараптың жүктерді мұқият тексеруі, бұл Қазақстандағы бақылау бекеттерінде көлік құралдарын тексеру уақытының ұлғаюына әкеледі», - деп түсіндірді агенттік өкілі.
Ол «Ақжол», «Чалдыбар», «Токмок» және «Кен-Булун автожолы» бақылау-өткізу бекеттерінде азаматтардың жиналуы мен автокөлік кезектері байқалмайтынын айтты.
Қырғыз-қазақ шекарасындағы өткізу пункттерінде автокөліктердің жиналуы қазақстандық шекарашылардың Қырғызстаннан экспортталатын жүктерді тексеру процедураларының күшеюіне байланысты 19 наурыздан бастап байқалады. Қырғызстан мемлекеттік шекара қызметі қырғыз тарапынан Қазақстаннан әкелінетін жүктерді тексеру рәсімдері өзгеріссіз қалғанын мәлімдейді.