Алматы. 18 сәуір. 7kun.kz - Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы кедендік бекеттерде 400-ге жуық жүк көлігі жиналып қалған. Қырғызстанның Шекара қызметінің мәліметінше, Қазақстан тарапы көліктерді өткізуді уақытша тоқтатқан, деп хабарлайды 7kun.kz.
«Ақ тілек» өткізу бекетінде шекаралық бақылаудан өту үшін 300 көлік, жол жиегінде 25 көлік құжат күтіп тұр. Ал «Чалдовар» бекетінде 70 жүк көлігі жиналып қалған» - деп жазылған Шекара қызметінің хабарламасында.
Қарғыз Шекара қызметі көліктер шоғырын Қазақстан тарапының жүк машиналарын өте баяу өткізіп жатқанымен байланыстырады. Олардың айтуынша, Қазақстан кеден қызметі кейде көлік өткізуді мүлде тоқтатып қояды екен.
«18 сәуір сағат 03:30 мен 07:30 аралығында жүк көліктері мүлде өтпеген,» - дейді Қырғыз Шекара қызметі.
Ал қазақ-қырғыз мемлекеттік шекарасының өзге бекеттерінде адамдардың және көліктердің шоғыры байқалмаған. Қырғыз тарапынан жүк көліктерін шекаралық бақылауда ешқандай шектеу жоқ екен.
Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрлігі «Ақ тілек» өткізу бекеті маңында 420 жүргізуші үшін ыстық тамақ ұйымдастырған.