Талдықорған. 20 қазан. 7kun.kz – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысының жұртшылығымен кездесуінде қазақ-қытай шекарасында электронды кезекті тездетіп енгізуді тапсырды. Бұл туралы ҚР президентінің баспасөз қызметі хабарлады.
Карантиндік шектеулерге байланысты қазақ-қытай шекарасындағы өткізу бекеттерінің жұмысы күрт баяулап кеткен.
«Соның кесірінен жүк көліктері кептелісте тұр. Жүргізушілердің наразылығы орынды. Жағдайды түзету үшін «Алакөл» және «Нұр жолы» шекаралық өткізу бекеттерінде электронды кезекті енгізуді жеделдету қажет», – деді Тоқаев.
Ол Жетісу өңірі мен жалпы Қазақстанның экономикалық әлеуетін едәуір күшейту үшін Қытай стандарттары бойынша аккредиттелген зертхана құрылатынын атап өтті.
«Оның жұмысы біздің Қытайға экспортымызды ұлғайтады. Мұндай зертхананы Қорғаста ашу жоспары бар. Аталған жобаны тезірек жүзеге асыру үшін Қытай әріптестерімен диалогты жандандыру қажет», – деді президент.