Алматы. 28 наурыз. 7kun.kz – Қазақмыс корпорациясы Оңтүстік Корея Республикасындағы жетекші госпитальдың ресми серіктесі атанды.
Ұзақмерзімді ынтымақтастық туралы үш жақты меморандумға «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС, оңтүстіккореялық Енсе университетінің «Северанс» госпиталі және «Severance-KZ халықаралық медициналық қоры» қоғамдық қорының басшылары қол қойды.
«Северанс» госпиталі Корея Республикасындағы алдыңғы қатарлы медициналық мекемелердің бірі және Азияның денсаулық сақтау жүйесінде көшбасшы деп танылған. Оның мамандары астаналық Енсе Университетінің академиялық базасында жұмыс істейді.
Құжатқа сәйкес, оңтүстіккореялықтар Жезқазған Медициналық орталығының мамандарына ғылыми және өнеркәсіптік медицина саласында тәжірибелік және консультативтік көмек көрсетеді. Сонымен бірге, келісімде денсаулық сақтау саласына заманауи технологияларды енгізу және Енсе Университеті әзірлеген арнайы бағдарлама негізінде біздің медицина қызметкерлерін оқыту көзделген.
«Мұндай тығыз ынтымақтастық Қазақмыс компаниялар тобының жұмысшылары мен Жезқазған өңірінің тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету ісіндегі біздің алға қойған мақсаттарымыздың орындалуына оң ықпал етеді деп үміттенеміз»,- деді «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарушы Кеңесінің Бас директоры Бақтияр Қырықпышев.