Алматы. 27 мамыр. 7kun.kz — Қазақстан елшісі Қайрат Саржанов Бразилиядағы Баия штатының әкімшілігі мен «Bahia Mineração» компаниясы арасында Ильеус муниципалитетіндегі Аритагуа ауданында (Баия штаты) «Porto Sul» теңіз портын салу жобасын жүзеге асыру үшін арнайы мақсаттағы оператор-компанияны құру және оның екі жеке терминалын біріктіру туралы келісімге қол қою рәсіміне қатысты.
Сальвадор қаласына сапар барысында Қайрат Саржанов Баия штатының губернаторы Руем Костамен, Баия штатының өнеркәсіптік кәсіпорындар Федерациясының Президенті (Federação das Indústrias do Estado da Bahia, FIEB) Рикардо Албанмен және Федерацияның сыртқы сауда жөніндегі кеңесінің президенті (Conselho de Comércio Exterior, COMEX) Анджело Жуниормен кездесті. Кездесу шеңберінде Бразилия штаты Баия мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.
Айта кетейік, 40% үлесі Қазақстан үкіметіне тиесілі «Eurasian Resources Group» (ЕRG) еншілес кәсіпорны - «Bahia Mineração» компаниясы Баия штаты, Каэтитте муниципалитетінде «Pedra de Ferro» темір кен өндірістік кешенінің жобасын іске асыруда. ERG-тің темір рудасы кешеніне инвестицияларының жалпы көлемі 1,5 млрд долларды құрайды. Bahia Mineração сондай-ақ «Porto Sul» теңіз портының құрылысын инвестициялайды. Бұдан басқа, темір кенін теңіз портымен тасымалдау үшін «Pedra de Ferro» кешенін қосатын Батыс-Шығыс интеграциялық темір жолының (Ferrovia de Integração Oeste-Leste, FIOL) учаскесін салуға қатысуды жоспарлап отыр.