Алматы. 2 тамыз. 7kun.kz — Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің өсуі бойынша Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында көшбасшы болды.
2019 жылғы қаңтар-маусымда 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Қазақстан өз көлемін 3,8% ұлғайтты. Ресейде көрсеткіш 1,2%-ға, Қырғызстанда – 1,7%-ға, Беларусьте - 0,2%-ға өсті. Сонымен қатар, Арменияда ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі керісінше 6,5%-ға төмендеді. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссия хабарлады.
Қазақстан өнеркәсібінің өсуі сүт, мал және құс өндірісінің ұлғаюына байланысты болды.
Мәселен, Қазақстан 2019 жылдың І жартыжылдығында 870 мың тонна мал мен құс етін өндірді, бұл көлем 2018 жылдың бірінші жарты жылдығымен салыстырғанда 5%-ға артық.
Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан ЕАЭО-ның барлық елдерін басып озды. Ресейде осы өнімдердің көлемі 1%-ға, Қырғызстанда - 1,6%-ға өсті. Алайда Беларусь пен Арменияда сәйкесінше 3,1% және 4,1% төмендеу байқалады.
Қазақстан сондай-ақ жарты жылда 2,9 млн тонна өнім шығара отырып, сүт өндірісінің өсуі бойынша көшбасшы болды. Ресей мен Қырғызстанда сәйкесінше 1,4% және 2,6% өсім тіркелді. Армения мен Беларусьте - тиісінше 4,7% және 0,5%-ға төмендеді.
Жалпы, 2019 жылғы қаңтар-маусымда ЕАЭО-да ауылшаруашылық өнімінің көлемі 32,5 млрд долларды құрады, бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,2%-ға көп.