Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы І жартыжылдықта үш есеге өсті
Алматы. 28 тамыз. 7kun.kz – ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин АҚШ Мемлекеттік хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Дэвид Хейлмен келіссөздер өткізді, - деп хабарлады үкімет басшысының баспасөз қызметі.
Хейл Қазақстан астанасына Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы диалогты дамыту жөніндегі «C5 + 1» отырысына қатысу үшін келді.
Тараптар кездесу барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ президенті Дональд Трамп арасында 2018 жылы АҚШ-қа ресми сапары аясында жасалған уағдаластықтарды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.
Келіссөздер барысында екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың өзекті мәселелері талқыланды.
Ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айларында екі ел арасындағы тауар айналымы 1,1 млрд долларды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31,8%-ға жоғары.
«Бізде экономикалық қатынастарды дамытудың үлкен әлеуеті бар. Сіздің елімізге ресми сапарыңыз елдердің өзара іс-қимылын нығайтуға елеулі серпін береріне сенімдімін», - деді Мамин кездесу барысында.
Ол Қазақстан мен АҚШ энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, ақпараттық технологиялар, логистика, туризм және аэроғарыш өнеркәсібі салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдете алатынын атап өтті.
Өз кезегінде Хейл АҚШ-тың инвесторлары үшін Қазақстанның тартымдылығын атап өтті.
АҚШ — Қазақстан экономикасының ірі инвесторларының бірі. 2005 жылдан 2018 жыл аралығында АҚШ-тан Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 40 млрд долларды құрады.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға америкалық инвестициялар жаңа рекорд орнатып, 5,3 млрд долларды құрады.