ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Иранға ресми сапары барысында екі елдің делегаттары металлургия, тау-кен, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, туризм, ғылым және білім, медицина салаларына қатысты жалпы құны 2 миллиард доллар болатын 66 құжатқа қол қойды. Бұл туралы Ақорданың бсапасөз қызметі хабарлады.
Брифинг барысында келіссөздерде сауда қатынастарын дамыту үшін бизнесмендерге виза беру үдерісін жеңілдету мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы, ғылым, технология және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықтың аясын кеңейту жайы айтылды.
Тараптар көлік-логистика, сондай-ақ экологияны қорғау, Каспийде кеме қатынасы мен туризмді дамыту салаларындағы және Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі құжаттарға қол қою барысындағы өзара іс-қимылды нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшылары экстремизммен және терроризммен күресу, Ирак, Ауғанстан, Сирия аумағындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету, сондай-ақ Йемендегі қақтығысты саяси шешімдер негізінде тоқтату қажеттігін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев Иран Президенті Хасан Руханиді және бүкіл Иран халқын ядролық мәселені шешудегі қол жеткен табыстарымен, елдің алдынан зор мүмкіндіктер ашатын санкциялардың алынуымен құттықтады.
Иран Президенті екі ел арасында еркін сауда айналымына мүмкіндік ашатын жаңа құжаттарды ратификациялаудың және Иран мен Еуразиялық экономикалық одақ арасында басымдығы бар тарифтер қалыптастырудың маңыздылығын айтты.