Қазақстан мен Иран бизнесмендері Тегеранда өткен іскерлік кеңес отырысында шамамен $1 млрд сомасына ынтымақтастық туралы 50 келісімге қол қойды. Бұл туралы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің баспасөз қызметі хабарлайды. Отырыс Қазақстанның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Иран Ислам Республикасына сапары шеңберінде болып өтті. Іскерлік кеңестің жұмысына Қазақстан мен Ираннан 200-ден астам компания қатысты.
Қол жеткізілген келісімдердің ішінде – Иранға ауыл шаруашылығы мен машина жасаудың өнімін жеткізуге экспорттық келісімшарттар, химия және мұнай химиясы саласындағы жобаларды бірлесіп іске асыру және т.б. бар.
Инвестициялардың көлемі бойынша ең ірі келісім «Бәйтерек» холдингінің еншілес құрылымы «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ мен ирандық «Каве Индастри Групп» компаниясы арасында болды. Екі тарап құны 200 млн доллар болатын Қызылорда облысында кальцийлендірілген сода өндіретін зауыт салу жөнінде келісім жасады. Бұл қазақстандық-ирандық жоба Қызылорда қаласындағы шыны зауытын салу жобасының жалғасы болмақ. Жақын арадағы тараптар кальцийлендірілген сода өндіретін зауыттың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге кіріседі.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімінің импорты мен экспорты саласында келісімдердің ауқымды топтамасына қол қойылды. «Бәйтерек» холдингінің бірқатар қазақстандық әріптес-компаниялары ет және дәнді дақылдар өнімінің экспорттық жеткізілімдері туралы уағдаласты. «Контитент трейдинг» компаниясы Иранға 30 млн доллар сомасына ет пен тоңазытылған жартылай фабрикаттарды экспортқа шығарады.
«Ұлттық чемпион» қазақстандық «Alageum electric» компаниясы Иранға трансформаторлар мен трансформатор майын жеткізу бойынша «Niroo Nransfo Co.» компаниясымен келісім жасасты.
«Бәйтерек» холдингінің басшысы Қуандық Бишімбаевтың айтуынша, қазақстандық компаниялар теміржол қатынасын дамыту саласына да үлкен қызығушылық білдірді. «Біз үшін Иран – Парсы шығанағына, жаңа халықаралық көлік дәліздеріне шығуға мүмкіндік беретін әріптес болып табылады. Иран үшін Қазақстан Ресейге, Қытай мен Орта Азияға шығу үшін қызығушылық тудырады», - деді Қ. Бишімбаев.
Осы салада «Исткомтранс» ЖШС компаниясы ирандық Railway transportation S.A. әріптесімен $25 млн сомасына теміржол жүк тасымалдарын ұйымдастыру туралы уағдаластықтарға қол жеткізе алды.
Іскерлік кеңестің барысында $70 млн сомасына кейіннен көмірсутектердің технологиялық және коммерциялық есеп алудың жүйелерін жеткізу мақсатында Иранның аумағында бірлескен кәсіпорынды құру бойынша қазақстандық «Топан» ЖШС мен ирандық «Электро Кавир» компаниясы арасында келісімге қол қойылды. Сондай-ақ, Алматы облысында қуаты 50 мВт күн электр стансасын салу бойынша жобаның құрылысын салу мен оны іске асыру туралы келісім жасалды.
Бұдан бөлек, екі елдің сауда-экономикалық әлеуетін одан әрі дамыту мақсатында Қазақстан визалық қолдау жөніндегі мәселені шешуге кірісті. «Біз визалық қолдау мәселесін Қазақстанның Үкіметіне жеткіздік. Осы мәселе бойынша жұмыс басталып кетті. Виза алу қиындықтарына тап болмай, Қазақстан мен Иран арасында алаңсыз ұшу үшін қазақстандық тарап ең жақын уақытта барлық шаралар қабылдайды деп үміттенеміз», - деп мәлімдеді Қ. Бишімбаев.