Алматы. 8 қазан. 7kun.kz – 2018 жылы 5 айда Қазақстан мен Моңғолия арасындағы тауар айналымы 28,8 млн долларға жетті. Оның ішінде экспорттың көлемі - 28 млн доллар, деп хабарлайды Сыртқы сауда палатасының баспасөз қызметі.
Қазақстан - Моңғолияға темекі өнімдері мен рапс тұқымын жеткізуші басты елдердің бірі. Тек 2017 жылдың өзінде осы елге 25 млн АҚШ долларынан астам сомаға тауар жеткізді.
Енді моңғолиялық компаниялар Қазақстаннан ауылшаруашылық өнімдерін, кондитерлік бұйымдарды және құрылыс материалдарын импорттауға қызығушылық танытып отыр. Бұл туралы тараптар қазанның басында Ұлан-Баторда өткен еліміздің сауда-экономикалық миссиясы барысында уағдаласты. Миссияны ұйымдастырушылар ҚР Инвестиция және даму министрлігі, Моңғолиядағы Қазақстанның Елшілігі, «Атамекен» ҰКП, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы және Моңғолияның Ұлттық сауда-өнеркәсіп палатасы болып табылады.
Қазақстандық делегация негізінен тамақ өнеркәсібі өкілдерінен, атап айтқанда, кондитерлік бұйымдарды және май өнімдерін, сондай-ақ құрылыс индустриясын өндірушілерден құралды. Моңғолия тарапынан 40-тан астам компания қатысты.
Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұралы Бөкейханов миссияға қатысушыларға сәлем жолдай отырып, екі елдің арасындағы экономикалық ынтымақтастық едәуір тығыз байланыстарға ұласқанын атап өтті.
«Моңғолия - экономикасы дамушы ел бола отырып, инфрақұрылым, энергетика, сондай-ақ білім мен мәдениет салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуда зор перспективаға ие. Қос ел арасындағы сауда-саттық байланысы нығая түсуде. Кәсіпкерлік қоғамдастық түрлі салалардағы бұрыннан келе жатқан және жаңа байланыстарды нығайтып жатыр», - деді Н. Бөкейханов.
Екі ел арасындағы тауар айналымы 2017 жылы 74,8 млн АҚШ долларын құрады, оның ішінде 72,5 млн доллар - Қазақстанның Моңғолияға экспорты. 2018 жылдың 5 айында тауар айналымы 28,8 млн долларға жетті, оның ішінде экспорт 28 млн доллар. Темекі мен рапс тұқымынан басқа Қазақстан Моңғолияға ұн өнімдерін, гигиеналық және жуу құралдарын жеткізеді.
«Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы екі елдің кәсіпкерлік қоғамдастықтарының арасындағы ынтымақтастықты дамыту үшін келіссөздерге арналған алаң ұсына отырып, осындай іс-шараларды ұйымдастырады. Сондай-ақ біз моңғолдық бизнесмендерге Қазақстан аумағындағы барлық салалар бойынша сенімді әрі адал ниетті серіктестер табуға көмек көрсете аламыз», - деді Н. Бөкейханов кездесу иелеріне қарата айтқан сөзінде.
Миссия барысында екі елдің бизнес қоғамдастықтары инвестиция, логистика және сауда салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың перспективалық мәселелерін талқылады.
Шара барысында «Баян Сұлу» және «Eurasian Foods Corporation» компаниялары кондитерлік және май өнімдерін жеткізу туралы дистрибьюторлық келісім жасады.